22 Шілде 2026, Сәрсенбі 8 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 04:20
Бесін 12:26
Екінті 17:51
Шам 20:21
Құптан 22:18

Ізгілердің отбасылық өмірінен ғибрат

Ізгілердің отбасылық өмірінен ғибрат

Нұғман ибн Башир (р.а.) риуаят етеді:


Бір күні Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйіне кіруге рұқсат сұрайды. Сол кезде Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с) дауысын сәл көтеріп сөйлеп жатқан екен.

Әбу Бәкір (р.а.) ашуланып: «Ей, пәленшенің қызы! Сен Алланың Елшісіне (с.ғ.с) даусыңды көтеріп тұрсың ба?!» — дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) араласып, сабырмен әкесі мен қызын ажыратып, Әбу Бәкірге сабыр сақтауды ишара етеді. Кейін Әбу Бәкір сыртқа шығып кетеді.

Біраздан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Айшаның көңілін көтеріп, әзілмен былай дейді: «Көрдің бе, мен сен екеуіміздің арамыздағы кісінің арасына түсіп, сені қорғап қалдым ғой».

Көп ұзамай Әбу Бәкір (р.а.) қайта келеді де, олардың күлісіп отырғандарын көреді. Сонда ол әзілдеп: «Қалайша мені татуласуларыңа ортақ еттіңдер, ұрысқан кездеріңе ортақ болғандай!» — деген екен.

Әйел – бір ғана тұлға емес, ол – бірнеше жанның үйлесімінен құралған тұтас әлем. Ер адам да дәл солай. Бала үшін ана – әлемдегі ең әдемі, ең ізгі, ең мейірімді әйел. Өйткені, ол әйел болмысының ең нұрлы бейнесін – аналық жүректен көреді.

Қыз үшін әке – тіршіліктегі ең биік, ең сенімді тұлға. Себебі, ол ер адамның ең асыл қырын – әкелік қамқорлықтан таниды.

Бірақ өмірдің парадоксы мынада: әйел күйеуінен көргенге төзбей жатып, дәл сондайды баласынан көрсе – кешіріп қояды. Ер адам да жұбайының бір әрекетіне ренжісе, сол мінезді анасынан не қызынан көрсе – мүлде басқа көзбен қарайды.

Егер әйел үнемі аналық сезіммен, ер адам үнемі әкелік мейіріммен өмір сүрсе, әлемде бір де бір ұрыс, бір де бір ажырасу болмас еді.

Бірақ адам – қарапайым жаратылыс емес. Біз – ішінде бірнеше бейне тоғысқан күрделі жанбыз. Бір сәтте әйел – ана, әпке, жар, кейде бала мінезді нәзік жан бола алады. Ер адам да бір мезетте әке, күйеу, ұл, кейде қорғансыз бала рөлін атқарады. Сондықтан да өмірде түсініспеушілік пен қайшылықтар болады. Бірақ бұл кемшілік емес – адамдықтың айғағы.

Сен өзіңнің мінсіз емес екеніңді іштей жақсы білесің. Өзіңнің кей жағымсыз қасиеттерің сені әбден қажытып бітті. Кейде өз-өзіңе ашуланып, біржолата жақсылыққа түзелгің келеді. Содан соң: «Мен ғана түзеле беремін бе? Ал ол ше?» деп жаман ойға батасың. Жұбайың да дәл солай. Ол да өзінің мінсіз емес екенін жақсы біледі. Ол да өзін іштей жетідей жейді. Ол да мінсіз жұбай болуға тырысуда. Ол да қиналады. Оның да жаны ауырады.

Саған періштедей көрінетін анаң – өз күйеуімен сен түсінбейтін сынақтардан өтіп жатқан әйел.

Саған мінсіз көрінетін әкең – сол сәтте өз әлсіздігімен күресіп жүрген ер.

Бақытты отбасы – мінсіз адамдардың емес, кемшілігін түсінетін, жүрегімен қабылдайтын адамдардың үйі.

Біз өзгеден сабыр, түсіністік, кешірім күтпестен бұрын сол қасиетті өз жүрегімізден іздеуіміз керек.

Имам Әднам Шарикауи өзінің бір сөзінде былай дейді: «Көбіне, отбасылық жанжалдың шешімі – сүйіспеншілікті арттыру деп жатамыз. Бірақ, біз түсініп жүрген махаббаттың құр өзі мәселені шешпейді. Сол бір қарым-қатынас түйткілінің бірден-бір шешімі – ер мен әйелдің бір-біріне түсіністікпен қарауы ғана.»

Сен жақсы адам болуға тырысып жүрген тек сен емессің. Осы бір нәрсені түсінуге тырыс. Сүйген адамыңа ренжігенде, оның дәл қазір кімнің бейнесінде тұрғанын ойлан: балалық әлсіз бе, аналық сезім бе, әкелік жауапкершілік пе? Түсіне білсең – реніштің орнына мейірім келеді.

материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,

ummet.kz