Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:
«Әкенің балаға жасаған дұғасы, пайғамбардың үмметіне жасаған дұғасы секілді».¹³¹
«Кісінің дүниеден өткен әкесі үшін истиғфар айтуы, оған (әкесіне) жасаған жақсылығы болып саналады».¹³²
«Үш кісінің дұғасы кері қайтарылмайды: Ата-ананың баласына жасаған, аузы берік адамның және жолаушының дұғасы».¹³³
«Расында, жұмақта бір адамның дәрежесі жоғарылайды. Сол кезде ол бұның оған қайдан келгенін сұрайды. Сонда: “Перзентіңнің сен үшін жасаған истиғфары себебімен”, – деген дауыс естиді».
Ата-анаға әрдайым дұға жасау қажет. Сахабалардан бірі: «Ата-анаға дұға жасамайтын кісі дүниеде таршылық көреді», – дейді.¹³⁴
Баязид Бәстами (қ.с.) былай дейді: «Риязат (нәпсінің қалағанын істемеу) пен мужахадаттан (нәпсінің қаламағанын істеу) іздеген Алланың разылығын ата-ананың разылығынан таптым. Бір күні түн ішінде анам менен су сұрады. Тұрып қарасам, шыныаяқта да, су тұратын ыдыста да су жоқ екен. Сыртқа шығып су алып келгенде, анам ұйықтап қалыпты. Суды кесеге құйып, қолыма алдым да анамның оянуын күттім. Күн қатты суық болатын. Біраз уақыттан соң анам оянды. Су ұсындым, ішті де батасын берді. Анама жасаған қызметімнің және оның берген батасының берекесімен ұзақ уақыт іздеген Алла тағаланың разылығын таптым. Барлық құлшылықтан кейін тұрады деп ойлаған анаға қызмет – барлығынан жоғары екенін түсіндім».¹³⁵
Емшектегі сәбидің жылауы таһлил, таухид және ата-анасы үшін айтылған истиғфар болып саналады. Мұсылман баласының төрт ай «лә иләһә иллаллаһ», төрт ай «мухаммәдун расулуллаһ», төрт ай «аллаһуммағфир-ли уә лиуәлидәййә» деп айтатыны риуаят етілген.¹³⁶
Дұға әскері
Имам Раббани (қ.с.) Мактубат атты кітабында былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Жазмышты (құлдың басына келуі мүмкін қиындықтарды) тек қана дұға кері қайтара алады”, – дегеніндей, дұға басымызға келетін қиындықтарға тосқауыл болады.
Қылыш пен шайқастың жазмышты өзгерте алатын күші жоқ. Дұға әскері әлсіз, күшсіз болса да соғыс майданындағы әскерден әлдеқайда мықты.
Дұға әскері соғыстағы жауынгердің рухы іспеттес. Ал жауынгер болса дұға әскерінің денесі сияқты. Майдандағы жауынгерге дұға жасаушы сөзсіз қажет. Рухсыз денеден қандай пайда күтуге болады?
Осыған орай мынадай риуаят бар: “Пайғамбарымыз (с.а.у.) дұшпанның қоршауында қалғанда шепте әскерлер тұрса да, муһажир мұсылмандардың ішінен кедей, әлсіздерінің құрметіне Алладан жеңіс сұрайтын еді”».¹³⁷
Дереккөздер:
¹³¹ Әли әл-Муттақи әл-Хинди, Кәнз ул-уммал, 2-том, 19-бет.
¹³² Әли әл-Муттақи әл-Хинди, Кәнз ул-уммал, 6-том, 550-бет.
¹³³ Бәйһақи, әс-Сунән ул-кубра, № 6392.
¹³⁴ Әбу Ләйс Самарқанди, Тәнбиһ ул-ғафилин, 83-бет.
¹³⁵ Силсилә саадат нақшибандия, Фазилет нашрият, 91-бет.
¹³⁶ Ахмед Муниб Ефенді, Хуқуқу уәлад, 12–13-беттер.
¹³⁷ Имам Раббани, Мәктубат, 3-том, 47-хат.
материал «Дұғалар жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz