Ей, ұлым! Саған тақуалық керек. Сол себепті, тақуалықтың шарттарын орындауға тырыс. Жүрегің бейне дұшпанға ұқсайтын жаман қылықтардан арылсын. Жақсылыққа бағыт алсын.
Ей, ұлым! Дүние-мүлік жинаған кезде, түнде отын терген, бірақ, қолына не түскенін білмеген адам сияқты болма. Қолына түскен дүниеліктің халал, не, харам, заңды, не, заңсыз екендігіне көңіл бөлгейсің. Барлық істеріңде тәухид пен тақуалықта бол.
Ей, ұлым! Құранмен амал ету сені Құранның мәртебесіне көтереді. Сол биікке отырғызады. Ал, сүннетпен амал ету, сені Алланың Расулына жақындатады. Сөйтіп Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рухани жәрдемімен Алла достарының жүректерінің маңынан бір сәтте айырылмайсың. Алла достарының жүректерін нұрландыратын да сол.
Ей, ұлым! Харам нәрсені жеу жүректі өлтіреді. Халалды жеу болса, ол тірілтеді. Бір тамақ бар сені дүниемен, бір тамақ бар сені ақыретпен шұғылдандырады. Және бір тамақ бар, сені дүние мен ақыреттің Жаратушысына бұрады.
Ей, ұлым! Нәпсіңмен күресте саған көмектескендермен дос бол! Оның сұхбаттарына қатыс. Нәпсіңнің азғындауына көмектескендермен жолдас болма! Алдымен өз нәпсіңе ие бол. Өз нәпсіңе пайдалы бол және өз нәпсіңді тура жолға сал. Сосын басқалардың нәпсісімен шұғылдан. Басқаға жарық беріп тұрып, өзі еріп кететін шам сияқты болма.
Ей, Алла жолында жақсы амалдар істемек болған адам, ықыласты бол! Әйтпесе, босқа шаршайсың. Адамдарға жол көрсету сөзбен емес, шынайы көңілден шығатын сенім және ынтамен іске асады. Және осылардың барлығы халуәт (қылует), ғибадат, зікір, нәпсі тәрбиесі және өзін есепке тартумен жететін нәтижелер. Әйтпесе, еліктеушіліктен және сырттай көрсетушіліктен ары аспайтын, рухқа жетпеген кейбір іс-әрекеттермен қол жеткізетін нәтижелер емес. Сол себепті, Алла жолындағы адамның тілі мен жүрегі, іші мен сырты, сөзі мен өзі, ісі бірдей болуып, бір нәрсені айтуы керек.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz