Пайғамбардың сүннетін ұстануға немқұрайдылық танытқаның үшін жүрегіңе ғапылдық кіреді. Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еру арқылы Алла алдында дәрежең жоғары болады.
Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ілесу екі түрде көрініс табады:
1. сыртқы істерінде ілесу;
2. ішкі халінде ілесу.
Сыртқы істерінде ілесу – намаз, ораза, зекет, қажылық, жиһад сияқты амалдар.
Ал ішкі халінде ілесу: намазда Алламен байланыста болу (ықыласпен оқу) және Құран оқығанда мағынасына ой жүгірту. Егер де сен намаз секілді ұлы ғибадатта Алламен байланыс сезбесең және Құран оқығаныңда мағынасына ой жүгіртпесең, онда жүрегіңде тәкәппарлық, өз-өзіне таңдану секілді рухани аурулар бар.
Алла Тағала былай дейді: «Жер бетінде орынсыз тәкаппарланғандарды аяттарымнан ұзақтатамын (Барлық белгілерді көрседе, оған сенбейді)» ("Ағраф" сүресі, 146-аят).
Оның мысалы безгек ауруына шалдыққан кісі секілді: ол қант жесе, тілінде ащы дәмді сезеді.
Өзін төмен санап, мұқтаждығын сезіне отырып күнә жасау — өзін мықты сезініп, тәкаппарланып құлшылық жасағаннан артық (Пенде күнә жасағанда өзінің қателігін түсініп, күнәсін мойындап, Аллаға мұқтаждығын сезініп тәубе етеді. Ал тәкаппар адам өз қателігін көрмейді және өз-өзіне таңданып, жасаған амалына арқа сүйеуі мүмкін).
Алла Тағала Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) қиссасында былай дейді: «Кім маған ілессе, ол менен» ("Ибраһим" сүресі, 36-аят).
Бұдан түсінетініміз: кім пайғамбарға ермесе, оның үмбеті болып саналмайды.
Алла Тағала Нұхтың (оған Алланың сәлемі болсын) хикаясында былай дейді: «Раббым, ұлым менің отбасымнан ғой» ("Нұх" сүресі, 45-аят).
Алла Тағала оған былай деп жауап берді: «Ей, Нұх! Ол сенің отбасыңнан емес. Өйткені оның ісі дұрыс емес!» ("Нұх" сүресі, 46-аят).
Демек, пайғамбарға туыстық байланысы жоқ (бетен) кісі оның соңынан ерген болса, ол пайғамбардың отбасы мүшесі болып саналады. Мәселен, Салман Фарси жайлы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Салман – бізден, біздің отбасымыздан», – деген. Салман Фарсидің (оған Алла разы болсын) парсы отбасынан шыққанын бәріміз де білеміз. Алайда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңынан ерудің маңыздылығын адамдарға үйрету үшін осылай деген. Демек, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еру онымен берік байланысты білдіреді. Ал оған ілеспесе (Пайғамбардың отбасынан болса да), оның отбасы мүшесі болмайтынын білдіреді.
Алла Тағала Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ілесуді сол үйдегі барлық жақсылық келетін есік қылды. Сондықтан да сен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолын ұстанып, оның соңынан еріп десең, Пайғамбардың сүннетін ұстан. Пайғамбар секілді қанағатшыл бол, Алла саған берген ризығына қанағат ету арқылы Пайғамбарға ер, дүниеден бас тартып, оны аз пайдалану арқылы Пайғамбар жолын ұстан, өзіңе қатысты болмаған сөздер мен істерден бас тарту арқылы Пайғамбар сүннетін жаңғырт. Алла Тағала кейбір пендеге Пайғамбарға еру есігін ашса, бұл – Алланың оны жақсы көретінінің белгісі.
Алла Тағала былай дейді: «Оларға айт: «Егер Алланы жақсы көрсеңдер, онда маған ілесіңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді. Өйткені Алла – аса кешірімді, ерекше мейірімді» ("Әли Имран" сүресі, 31-аят).
Егер күллі жақсылықты іздесең, «Алланым, сөзімде де, ісімде де Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еруімді нәсіп ет!» деп дұға ет.
Кімде-кім Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ілесуді қаласа, Алланың құлдарының абыройына, тіпті тіл тигізбесін. Егер олар бір-біріне зұлымдық қылмағанда, Алланың сүйікті құлы болатын еді. Бірақ оларда бір бөгет бар. Олар сұраушы бар қарызға батқан кісі секілді: оларды ешқайда жібермейтін бір кедергі күтіп те тұрады (біреудің ақысын жеген кісі қияметте сауаптарынан айрылып, тіпті біреудің күнәсін арқалауы мүмкін. Кісі ақысын жегені себепті Алланың сүйікті құлы бола алмайды).
Біліп қой: егер сен патшаға абырой-беделі бар жақын кісі болсаң, оның құзырында отырғанда бір кісі сенен қарызын сұрап келсе, ол арызын аз ақша болса да, қарыздар болғаның үшін патшадан қысылып, өзіңді ыңғайсыз сезінер едің. Ал енді қиямет күні Алланың алдында саған жүз мыңдаған сұраушылар келіп, бірі малын тартып алғаның үшін, енді бірі абыройына, намысына тіл тигізгенің үшін, т.б. жағдайлармен сенен қарызын сұрап келсе, сол кездегі сенің жағдайың қалай болмақ?!
материал «Тәжул-арус» кітабынан алынды,
ummet.kz