29
Дүйсенбі,
Маусым

һижри

Үлкен дерттің бірі – ризық мәселесінде күмәндану

Үлкен дерттің бірі – ризық мәселесінде күмәндану

Ислам тарихы

Сенің ішкі жан-дүниеңнің қандай екені саған сынақ не бәле келгенде білінеді. Күнәлардың ең үлкені – Алла жайында күмәндану. Ал ризықтың келуіне күмәндану – ризықты беруші Аллаға күмәндану болып саналады.

Негізінде, мал-дүние, байлық – уайымдауға тұрмайтын болмашы нәрселер. Егер пенде дүниені уайымдап, көп ойласа, оның уайымы болмашы нәрсе болғаны, төмен нәрсені ұлықтағаны. Сен ұлы адам болғаныңда үлкен нәрсені мақсат етер едің. Кімде-кім болмашы дүниелерді көп ойлап, үлкен уайымды (ақыретін) ұмытса, нағыз ақымақсыз болғаны.

Сен құлдық міндеттеріңді толық орында. Ал Алла өзінің уәдесін орындайды. Қи қоңызды, кесірткені, гүл құрттарды ризықтандыратын Алла саған ризық беруді ұмытады деп ойлайсың ба?! Әсте, олай емес!

Алла Тағала былай дейді: «Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл. Біз сенен ризық сұрамаймыз. Сені Біз ризықтандырамыз. Соңғы табыс тақуаға тән» ("Таха" сүресі, 132-аят).

Алланың ақысына мұқият болған пендеге Алла Тағала сол елде орын алатын жағдайларды білдіріп қояды. Сондай кісілердің бірі үйірілген адамдардың бір тобына қарап: «Сендердің біріңе Алла Тағала осы елде болатын жағдайларды білдіріп қойды ма?» – деп сұрады. Адамдар: «Жоқ», – дегенде, ол: «Онда өздерің үшін қайғырыңдар», – деп жауап берді.

Алдың өткен ізгілер (оларға Алла разы болсын) адамдар Аллаға шүкіршілік айтсын деп елдегі жағдай сұрасатын (Сонда олар «Аллаға шүкір» деген сияқты сөздермен Жаратушыға шүкіршілік ететін). Ал бүгін адамдардың шағымдануына себеп болып қалмау үшін олардың жағдайын керісінше сұрамау керек болып қалды (Себебі олар жағдайының нашар екенін айтып, бірден шағымдана бастайды).

Бірде қабірді қазып, көмілген заттарды ұрлайтын кісі Аллаға тәубе етеді. Сөйтіп, шейхына келіп, былай дейді: «Уа, мырзам, мен мың шақты қабір қаздым, сонда олардың жүзі құбыладан бұрылып жатқанын көрдім». Сонда шейх: «Балам, бұған Алланың ризықты беретініне күмәнданғандары себеп болған», – деді.

Ей, Алланың құлы, егер Алладан сұрар болсаң, сені барлық жағынан түзетуін сұра. Және Алланың барлық істеріне разы болуыңды сұра. Сен қашқын құл сияқтысың, қожайының сені өзіне шақырса, қайта қашасың. Себебі қашу іс-әрекетпен, жағдаймен, уайыммен көрінеді. Егер сен намазыңда қателессең, ораза ұстағаныңда бос нәрселермен айналыссаң, Алла Тағаланың мейірімі жайлы күмәндансаң, сен қашқын құл емей кімсің?!

Шейх Әбу Хасан әш-Шазили (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бірде шөл далада үш күн қалып кеттім, осы уақыт аралығында маған ешбір ризық келмеді. Сол кезде сахарадан бір топ христиан өтіп бара жатып, мені көріп тоқтады да: «Бұл – мұсылман дін қызметкері», – деп менің алдыма тағам қойып, ары қарай жолын жалғастырды. Сөйтіп мен: «Ой, ғажап, қалайша маған ризық мұсылмандардың емес, дұшпандардың қолынан келді?!» – дедім. Сонда: «Нағыз ер – сүйіктілерінің (мұсылмандардың) қолынан емес, дұшпандарының қолынан ризықтандырылған кісі», – делінді.

 

материал «Тәжул-арус» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: