Парасат – Алла Тағаланың сүйген құлдарына берген нұры. Яғни, ақылдылық, жоғары дәрежедегі зеректік, сезімталдық, білу және түсіну сияқты халдердің рухани түсінік қабілеті түрінде жүректе көрінуі. Жүректе пайда болған шынайы сезімдер мен қол жеткізілген аянның арқасында, оқиғалардың астарын ойдан және жүректен өткендерді дұрыс жобалап, жори білу.
Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мүминнің парасатынан сақтаныңдар. Өйткені, ол Алланың нұрымен қарайды» - (Тирмизи, Тәфсир 15) деген. Әрине мұндай парасаттылыққа нәпсінің мендігінен құтылып, Алланың нұрымен қарайтындар қол жеткізеді. Ислам тарихында бұл жағдайдың көптеген мысалдары бар: Хазіреті Әнәс (радиаллаһу анһу) өзінің риуаяты бойынша, бір күні Хазіреті Османға (радиаллаһу анһу) бара жатқан жолында бір әйелді кездестіреді. Әйелдің сұлулығына көзі түседі. Сол ойымен Хазіреті Османның қасына барады. Оны көрген Хазіреті Осман (радиаллаһу анһу): «Ей, Әнәс! Көздеріңдегі зинаның іздерімен осында кірдің ә» - дейді.
Бұл сөзге таң қалған Әнәс (радиаллаһу анһу): «Алланың Расулынан кейін де уахи келе ме?» - деп сұрағанда, Хазіреті Осман (радиаллаһу анһу):
«Жоқ, бұл бір көрегенділік пен дұрыс парасат» - дейді. Мәселен, Хазіреті Омардың (радиаллаһу анһу) көптеген мәселедегі пікірінің одан кейінгі уақытта түскен аяттарға сәйкес болғаны да белгілі.
Сондай-ақ, Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сендерден бұрын өмір сүрген үмметтердің ішінде өздеріне аян берілген адамдар бар еді. Егер үмметімнің ішінде ондай біреу бар болса, шүбәсіз ол – Омар» - (Бұхари, Асхабун-Нәби 6) деген.
Әбу Аббас бин Мәһди былай дейді: «Шөлде кетіп бара жатып, қасында су торсығы жоқ, жалаң бас, жалаң аяқ бір адамның алдымда кетіп бара жатқанын көрдім. Өзіме-өзім, бұл адам қалай намаз оқиды екен. Бәлкім ол дәрет алып, намаз оқымайтын шығар деп ойладым. Сөйткенімде ол адам маған бұрылып: «Біліп қойыңыз, Алла ішіңіздегілерді біледі. Сондықтан, Одан сақ болыңыз» - («Бақара» сүресі 235-аят) деген мағынадағы аятты айтты. Сол кезде есімнен танып, жерге құладым. Есімді жиған соң, әлгі адамға осындай көзбен қарағаным үшін Алла Тағаладан кешірім тіледім де жолымды жалғастырдым.
Жолда әлгі адамды тағы көрдім. Оны көрген кезде ішімде үрей пайда болды. Бір орында тұрып қалдым. Ол маған бұрылып: «Ол – құлдарының тәубесін қабылдаушы, күнәларын кешіріп, не істегендерін біледі» - («Шура» сүресі, 25-аят) деген мағынадағы аятты айтты да көзден ғайып болды. Қайтіп ол адамды көре алмадым.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz