Имам Шағранидің «Әнуар әл-қудусия» кітабында былай айтылады:
Жалаладдин әл-Махалли суық та жаңбырлы түндерде үйде отырмай, көрші-қолаңды аралап, әсіресе қарт аналарды іздеп барып:
– Базардан керек-жарағың бар ма? Айт, жеткізіп берейін, – деп, қажетін өзі өтеп беруді әдет қылған екен.
Бір күні шәкірттерімен дәріс үстінде отырғанда, бір кәрі әже келіп, базардан май әкеліп беруін өтінеді. Сонда ол сабағын тастап, дереу оның қажетін орындауға шығады. Шәкірттері таңырқап:
– Ұстаз, бір ғана қарт әйел үшін дәрісті доғарасыз ба? – деп сұрайды. Ал ол күлімсіреп:
– Иә, оның қажеті сендердің дәрістеріңнен де маңыздырақ, – деп жауап береді.
Көрдің бе, ізгілердің асыл мінезін? Олар Аллаға құлшылықты мешіт қабырғасымен ғана шектемеген, халыққа қызмет етуді құлшылық санаған. Жанға медет болу, көңілге демеу болу – олардың ең ұлы мұраты еді.
Сен де солардай болуға ұмтыл! Тіпті толық жете алмасаң да, асыл жандарға ұқсау – адамға абырой, өмірге береке әкеледі.
«Мұсылман – мұсылманның бауыры».
Нағыз мұсылман, бауырына озбырлық жасамайды және оны сатпайды.
«Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді».
«Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады».
«Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады». (хадис)
ӨЗГЕЛЕРГЕ ПАЙДАЛЫ БОЛУЫҢ БАҚЫҢДЫ АШАДЫ!
материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,
ummet.kz