Ислам ғұламаларының ақылға қаншалықты маңыз бергендігін Бәдруд-дин әз-Зәркәшидің мына сөзінен аңғаруға болады. «Әл-Бәхрул мұхит» еңбегінде ғалым: «Ислам ғұламалары ақылға мыңға жуық түсіндірме берген», – дейді.
Имам Ғазалидің ақыл жайын түсіндіруі тіптен ғажап. Ғалым былай дейді: «Ақыл – шариғаттың көмегімен тура жол тауып, ақиқатқа қауышады. Шариғат болса – ақылдың көмегімен түсініледі.
Ақыл – іргетас. Шариғат – іргетас үстіне құрылған ғимарат. Іргетассыз – ғимарат берік орнамайды. Ғимаратсыз – іргетас өз функциясын толық жүзеге асырмайды.
Сондай-ақ ақыл – көз, шариғат – жарық сәуле. Сырттан жарық сәуле түспесе – көз көрмейді. Көз болмаса – жарық сәуленің де пайдасы жоқ. Құран мұны: «Расында, сендерге Алладан (ой-саналарыңды, жүректеріңді һәм бар жолдарыңды шуаққа бөлейтін) нұр мен өзі қандай ашық, айқын болса, ақиқатты да дәл солай ашық, айқын баяндайтын Кітап (Құран) келді». «Алла сол нұр мен Кітап арқылы Өзінің разылығына бөленуді қалап, соған сай әрекет ететіндерді жан тыныштығына, есендікке һәм мақсат-мұраттарына жеткізетін жолдарға салады. Оларды Өз қалауы һәм шексіз шарапатымен тас қараңғы түнектерден жарық нұрға шығарады және тура жолға салады», («Мәида» сүресі, 15–16-аяттар) – деп баяндайды.
Ақыл – май-шам іспетті. Шариғат – шам жарығын ұлғайтатын май секілді. Майсыз – шам жарығы сәуле шашпайды. Шам болмаса – майдың өзі жарық бере алмайды. Құран мұны: «...Нұр үстіне нұр...» («Нұр» сүресі, 35-аят), деп баяндайды.
Шариғат – сырттағы ақыл. Ақыл – іштегі шариғат. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қайшы нәрсе емес. Керісінше екеуі ортақ үйлесім ішінде.
Шариғат сырттағы ақыл болғандығы себепті, Құдайға сенбейтін, күпірлікке ұрынған адамды Құран – «ақылға салып ойланбайтын, санасыз» деп сипаттайды: «(Алланың үндеуіне құлақ аспай) күпірлік қылғандардың мысалы бейне бір (шопанның) айқайынан басқа түк ұқпайтын, маңыраған бір отар мал сияқты. Олар (ақиқатты естімейтін) керең, мылқау және көрсоқыр. Сондықтан олар еш нәрсенің байыбына бармайды, ақылға салып ойланбайды» («Бақара» сүресі, 171-аят).
Ақыл – іштегі шариғат болғандығы себепті, Құран ақылдың сипатын: «Алайда сен (жалған сенім мен екіжүзділіктен ада болған) пәк сенім таухидті берік ұстанған күйде хақ дінге (Исламға) жан-тәніңмен бет бұр! Бұл сондай дін – Алла күллі адамзатты (олардың табиғатын, бар болмысын) соның негізінде, соған сай етіп жаратты, (адамзаттың жаратылыс мақсаты да – сол хақ дінге бет бұру болып табылады)» («Рум» сүресі, 30-аят), деп баян етеді.
Аятта ақыл – «дін» деп баяндалған. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, ақыл мен шариғат бір-біріне қайшы емес. Керісінше ортақ үйлесімде. Мәселен «...Нұр үстіне нұр...» («Нұр» сүресі, 35-аят) деп баяндалған аят, ақыл нұры мен шариғат нұрының ортақ үйлесім тапқандағы көрінісі. Одан кейін Алла Тағала: «...Алла қалаған құлын нұрына бағыттайды...» («Нұр» сүресі, 35-аят), дейді.
Алла Тағала бұл аятта ақыл нұры мен шариғат нұрын өзара біріктіріп – екеуінен «бір нұр» жасады. Шариғат ақылды жоғалтса – мұратын жоғалтады. Көз – жарық сәулесіз еш нәрсені көрмейтіні секілді, шариғат та, ақылдың көмегінсіз сәулесінен айрылады. Ақыл шариғатты жоғалтса – жарық сәуледен айырылған көз секілді, қараңғылық ішінде қауқарсыз хәлде қалады. Сол себепті көпшілік шариғатқа мұқтаж» (Әбу Хамид әл-Ғазали, «Мәғаарижу әл-қудс фи мәдәәрижи мәғрифати ән-нәфс», Хиндəуи баспасы, 51–52-бб. (166-б.). 2017 ж).
материал «RUH: Ислам психологиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz