13 Шілде 2026, Дүйсенбі 28 Мұхаррам 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 02:18
Бесін 12:25
Екінті 17:55
Шам 20:30
Құптан 22:22

Ең әдемі сыр – Алламен ортақ сыр

Ең әдемі сыр – Алламен ортақ сыр

Дәуіт ибн Әбу Һинд деген ізгі кісі қырық жыл бойы ораза ұстап, оны тіпті өз отбасы да білмеген екен. Күн сайын ол базарға кетерде түскі асын алып шығатын.


Бірақ, ол асты жолда мұқтаж адамға садақа етіп беретін де, кешке үйіне қайтып келгенде, отбасы оның тамақ ішіп жүргеніне сеніп, олармен бірге ауыз ашқандай болып отыратын. Сен де Алламен өзің ғана білетін бір сыр жаса!

Жұрт көрмейтін, бірақ Алла көретін ісің болсын:

Ешкім білмейтін садақаң болсын, яғни біреудің алақанына жылы ниетпен түсірген тиының. Тек өзің ғана білетін Құран уақытың болсын, яғни тыныш сәтте жүрегіңмен тіл қатқан Раббыңа арналған минуттарың. Түннің қою қараңғылығында екі рәкағат намазың болсын, яғни ешкім естімейтін, бірақ періштелер жазып алатын сырлы дұғаң.

Жаныңды тазартатын зікір мен истиғфарларың болсын, яғни ешкімге айтылмайтын, тек жүрек пен Алла арасындағы үнсіз әңгімең. Біреуге жақсылық жаса да, үндемей жүре бер. Өйткені, нағыз жақсылық жария болғанда емес, жасырылғанда кемелденеді.

Бүгінгі заманда бәрі көрсеткісі келеді: жақсылығын, сабырын, тіпті дұғасын да. Бірақ шынайы істің құны — риясыздығында. Нағыз рухани күштің мәні ешкім білмейтін, бірақ Аллаға мәлім істе. Алланың алдында жасырын амал — тақуалықтың айғағы.

Сенің басқалар білмейтін дұғаң, ертеңгі жеңісіңнің бастауы болуы мүмкін. Бәлкім дәл сол түндегі жасырын тізе бүгуің, өміріңнің бағытын өзгертетін сәт болар. Сондықтан да, жақсылықты жария қылуға емес, жүрекке сіңіруге тырыс.

Адамдардың көзі көрмеген амал, Алланың мейірімін тез тартады. Жаса, бірақ жасыр! Жақсылық қыл, бірақ айтпа! Ең әдемі сыр — Алламен ортақ сыр.

материал  «Сен керексің!» кітабынан алынды,

ummet.kz