16 Қыркүйек 2026, Сәрсенбі 5 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 05:46
Бесін 12:14
Екінті 16:33
Шам 18:32
Құптан 20:00

Балаға дінді үйрету қашан басталады?

Балаға дінді үйрету қашан басталады?

Жүктілік кезеңі – рухани байланыстың бастауы.


Үйленіп, үй болғанда өмірге келетін балаларыңыздың болашағы үшін жар таңдауды дұрыс атқарып, тұрмыс құрдыңыз. Алла Тағала дұғаңызды қабыл етіп, аяғыңызды ауырлатты. Міне, баланың бойына имандылық дәнін себу осы кезеңнен-ақ басталады.

* Жүктілік кезінде оқылған Құран,
* Дауыстап айтылған зікір мен дұға,
* Намаздағы тыныштық,
* Үй шаруасында жүріп дауыстап айтқан сүрелер – бәрі құрсағыңыздағы балаға әсер етеді.

Ғылыми тұрғыдан да дәлелденген: анасының эмоциясы, үнінің ырғағы, тыныс алу жүйесі – баланың ішкі әлемін қалыптастырады. Сондықтан жүктілік кезінде рухани күйімізге ерекше көңіл бөлуіміз керек.

Ал енді бала өмірге келген соң, әрбір кезеңнің ерекшелігіне сай имандылыққа баулу да жолға қойылғаны дұрыс.

0-3 жас: сөзбен емес, үлгімен таныту кезеңі

Бала дүниеге келді. Енді 0–3 жас аралығы – сөйлемесе де, енді тілі шығып жатса да, бақылап қабылдайтын кезең. Бұл кезеңде бала:

– Анасының жайнамазын,
– Оқып отырған Құранын,
– Жай ғана «Бисмиллә» деген сөзін үнсіз қабылдап, ішіне жинай бастайды.

Бұл кезең – тақуалықтың үлгісін ең көп сіңіретін кез. Өйткені бала айтқанымызды емес, көрсеткенімізді көбірек қабылдайды.

Балаға дінді таныстыру осы шақтан бастау алады. Осы кезеңде айтылатын сөздердің өзі оның өмірлік түсініктеріне алғашқы көпір болады. Мысалы:

– «Мына тәтті тағамды жейік, мұны бізге Алла тағала берді»,

– «Алланың берген суына алғыс айтайық!»,

– «Қарашы, Алла қандай әдемі гүл жаратқан!» – деп айтылған сөздер баланың санасында Алла туралы алғашқы ұғымдарды қалыптастырады.

Бала 1–3 жасқа аралығында көру, есту, сезіну арқылы бойына тәрбие сіңіре береді. Біз кейде: «Әлі кішкентай ғой, не болып жатқанын түсінбейді», – деп ойлаймыз.

Алайда шын мәнінде бала өз деңгейінде түсінеді. Ол әрекеттің мәнін саналы түрде талдай алмаса да,  жақсылық пен жамандықты жүрегімен сезеді. Оның рухы – таза, періштелік күйде. Сондықтан әрбір жасаған әрекетіміз, айтқан сөзіміз, рухына әсер етеді.

Мысалы көпшілігіміз тақуалықты намаз, ораза, Құран оқу деп түсінеміз. Бірақ шын мәнінде тақуалық – тек бұнымен шектелмейді. Тақуалық – әрбір сөзінде, әрекетінде, тіпті үні мен көзқарасында көрінетін күнделікті өмір салты.

Бала сіздің:

Қалай сөйлейтініңізді,
Қалай ашуланатыныңызды,
Қалай кешіретініңізді,
Адамдарға қалай қарайтыныңызды үнсіз бақылап, бойына сіңіріп отырады.
Сондықтан әрбір әрекетімізге тақуалықпен, жауапкершілікпен қарауымыз – бала тәрбиесінің өзегі.

Өтірік – рухани иісті бұзатын у

Кейде баланы жұбату немесе көндіру үшін зиянсыз көрінетін өтіріктер айтып қоямыз. Мысалы:

– «Жылама, үйге барғанда саған ойыншық сатып әперемін»,

– «Тез кетпесек, полиция келеді»,
– «Анау апа укoл салады» – деген секілді сөздер. Біз «бала кішкентай, түсінбейді» деп ойлаймыз. Бірақ бұл – рухани тұрғыдан қате тәсіл. Бала саналы түрде өтірікті ажыратпаса да, оның рухы жамандықты сезеді. Себебі оның рухы жамандықты қабылдай алмайтындай періштедей пәк. Ал өтірік – тәрбие емес, күнә. Бірде Алла елшісі (с.а.с.) бір әйелдің баласын «кел-кел» деп шақырып жатқанын көреді. Әйелдің алақанында бір зат бардай кейіп танытқанын байқап, Пайғамбарымыз (с.а.с.) сұрайды:

– «Алақаныңда не бар?» Әйел алақанын ашып, шынымен бір нәрсе бар екенін көрсетеді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Егер қолыңда ештеңе болмағанда, “кел” деп алдағаның үшін өтірікшілердің қатарына жазылар едің». Міне, бұл – тәрбиелік ескерту.

– «Бала түсінбейді ғой» деген ой – өзімізді алдау.

– «Қорқыту арқылы көндірем» деу – рухты жаралау.

– «Зияны жоқ өтірік» деген – жоқ нәрсе. Өтірік – бәрібір жамандықтың бір түрі.

1–3 жас аралығы – бала рухының ең нәзік әрі тез сіңіргіш кезеңі.

Бұл шақта:

– Ол көп нәрсені ұқпайтын сияқты көрінсе де,

– Сіздің сөзіңізден тараған рухани лепті сезінеді.

Сондықтан осы кезеңде:

– Шынайы болыңыз.
– Әр сөзіңізге сенімді болыңыз.
– Алдамаңыз, қорқытпаңыз.


2–3 жас: Құлаққа сіңген Құран – жүрекке егілген иман

Бала екі жасқа толғанға дейін де Құранды дауыстап оқуды жалғастыру – имандылық тәрбиесінің маңызды кезеңі. Бұл жастағы бала естіген сөз тіркестерін, қайталанатын әуендерді жаттап алуға бейім келеді. Сондықтан үй шаруасын жасап жүріп, ыдыс жуып жатып немесе жай ғана бос уақытта Фатиха, Ықылас сияқты сүрелерді дауыстап оқу – бала жүрегіне Құран нұрын егуге таптырмас мүмкіндік.

Сіздің даусыңыздан естілген сүре жолдары – ойын арасында жүрген балаңыздың жадында жатталып, алғашқы рухани қорын қалыптастырады.

Мендік нәпсінің басталуы – мейіріммен қарсы алынуы тиіс. Алдыңғы бөлімдерде айтқанымыздай, екі жас шамасында балада «мендік эго» қалыптаса бастайды.

материал «Ғайыптан келген мейірім» кітабынан алынды, 

ummet.kz