29
Дүйсенбі,
Маусым

һижри

Фақиһ – діни мәселеде дұрыс пен бұрысты ажырата алатын адам

Фақиһ – діни мәселеде дұрыс пен бұрысты ажырата алатын адам

Ислам тарихы

Фиқһ - сөздікте білу, түсіну, нәзік тұстарды зерделеу мағынасын білдіреді. Исламның алғашқы кезінде діни және дүниеуи тақырыптардағы барлық білуге қажет болған нәрселерді фиқһ деп, осы іліммен айналысатындарды фақиһ (ғалым) деп атаған.

Бұл тұрғыдан фақиһ сөзі - жаратылыс пен оқиғалардың хикметін білетін, діни мәселелерде дұрыс пен бұрысты ажырата алатын адамды білдіреді. Имам Ағзам Әбу Ханифа Хазірет: «Адамның діни жағынан өзіне пайдасы не зияны бар нәрселерді білуі» деп танымдаған.

Адамның бақыттылығы немесе пәлекетке ұшырауына бірінші орында әсер ететін «Раббысын дұрыс білуі» мәселесі осы ілімнің ең маңызды бөлігін құрайтын. Сол себеппен Хазіреті Имам Ағзамның сенім мәселелері хақында айтқан әрі шәкірттері тарапынан сақталып бүгінге жеткен сөздерін «Ең үлкен фиқһ» деген мағынада «Фиқһу әкбәр» деп атаған. Бастапқыда осылай болса да, кейіннен бұл жайында ғылыми зерттеулердің кеңеюіне байланысты, фақиһтар сенім мен ахлаққа жататын мәселелерді фиқһтан бөліп шығарып, оны тек қана амал мен орындау жөніндегі үкімдермен шектеген. Қазір де фиқһ дегенде түсінетініміз осылар ғана болып табылады.

Тасаууф та адамның өзіне пайдалы, не зиянды нәрселерді сыртқы әрі ішкі жағынан біліп, қажетті болғанын орындауы деген сөз. Ал, фиқһ дәрет, тазалық, намаз және ораза сияқты амалмен байланысты мәселелердің сыртқы көрінісінің дұрыстық пен бұрыстық шарттарын ірделейді. Тасаууф болса, жүректі тазартып, құлдың көңіл әлемін тыныштандыруға, мағрифатқа және рухани сезімталдыққа әзірлейді. Бұл әрине ғибадаттың кәміл болуы үшін ең қолайлы жағдай жасау деген сөз. Сондықтан, тасаууфты фиқһ ілімінің рухани орны мен негізгі мағынасы түрінде «ішкі фиқһ» немесе «ұждан фиқһы» деп атаған.

Фиқһ ілімінің мақсаты - амалдың кәміл болуын, яғни Алла алдында қабыл болатындай орындалуын қамтамасыз ету. Мұндай кемелдік тек тасаууф қамтамасыз ететін рухани кемелдікпен ғана іске асатындықтан, бұл екі ілімге бір-бірінің толықтырушысы ретінде қарау керек. Өйткені, тасаууфтың негізгі мақсаттарының бірі адамды діннің рухани ақиқаттарының ең жоғарғы дәрежесіне көтеру болғаны тәрізді оның барлық амал мен іс-әрекеттерін де кемелдікке жеткізу болып табылады. Амалдардың сыртқы шарттарын түсіндіріп, реттейтін фиқһтың негізгі мақсаты тек тасаууф кемелдікпен іске асады.

Мысалға, намаздың тазалық және толық та дұрыс орындалуы сияқты сыртқы шарттарын қалай орындау керектігі фиқһ ілімінде көрсетіледі. Тіпті ниет сияқты ішкі шарттың қажеттілігі де сонда айтылады. Сыртқы шарттарына бағына отырып, орындалған ғибадаттың қабыл болуы үшін, жүректің рия мен қызғаныш сияқты аурулардан таза болуы қажет болғанымен, фиқһ оның рухани жағын реттеу ісімен айналыспаған. Бұл жағын тасаууф реттеп, ғибадаттың сыртқы шарттары сияқты, ішкі шарттарын да іске асыруда. Өйткені, фиқһ ілімі жалпыға тән шариғаттың бөлімі болып, оның сыртқы жағымен ғана айналысады.

Адамдардың шариғат тұрғысынан жауапкершілігі де оның сыртқы үкімдерінен ғана тұрады. Алайда ғибадаттарды қабылдап-қабылдамау хақына ие болған Алла Тағала оның сыртқы жағы сияқты, ішкі жағын да толығымен жақсы біледі.

Сондықтан ішкі тазалық Оның құлының бойынан көргісі келген негізгі қасиеттерінің бірі болып табылады. Фақиһтар намаз, ораза және қажылық сияқты ғибадаттар мен неке, талақ, сауда-саттық, қысас сияқты қарым-қатынастарды зерттеп, үкімін реттесе, мұтасаввуфтар бұлардың зүһд, тақуалық немесе ықылас тәрізді рухани қасиеттермен қатар орындалуына көңіл бөледі. Дәл сол сияқты Құран Кәрім де ғибадаттардың рухани жағына көбірек мән беріп, құлды зүһд пен тақуалыққа бағыттайды.

Әрине, тасаууф жолын ұстанатындар фиқһқа мән бермейді немесе фиқһ ілімімен жеткілікті түрде айналыспайды деген сөз емес. Керісінше, Ғаззали, Ибн Араби, Мәулана Жәләләддин Руми, Имам Раббани және Халид Бағдади сынды көптеген мұтасаууфтар сыртқы (фиқһ) ілімдерде де сөзі жүретін үлкен ғалым болып, бәрі фақиһтардың қатарынан табылған. Діннің сыртқы үкімдерінің мәні мен тасаввуфи ақиқаттарды лайықты түрде түсіне алмаған кейбіреулер, фиқһ пен сопылықтың арасында қайшылық бар деп біліп, кей уақытта орынсыз түсініспеушіліктер тудырып отырған. Шын мәнінде, кәміл мұтасаууфтар мен шынайы фақиһтардың арасында ешқандай да бір түсініспеушілік болмаған. Қайшылық пен тартыс өзін ғалым санайтын надандар мен кәміл санайтын сопылар арасында ғана болған.

 

материал  «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: