29
Дүйсенбі,
Маусым

һижри

Адам (ғ.с) пайғамбардың қиссасынан алынатын ғибрат

Адам (ғ.с) пайғамбардың қиссасынан алынатын ғибрат

Ислам тарихы

1. Алғашқы күнә – тәкаппарлық. Сондықтан ғұламалар: «Барлық күнәлардың негізі – тәкаппарлық», – деген. Сол себепті Пайғамбар (с.а.с.): «Жүрегінде қыша дәнінің салмағындай менмендік болған (адам) жәннатқа кірмейді» (хадисті Әбу Дауд жеткізген), – деп айтқан.

Осы мағынаны беретін көптеген хадистер келтірілген. Сондай-ақ киімді менменсіп, жерге сүйретіп жүруден қайтаратын «Алла паңдықпен киімін сүйретіп жүретін кісіге Қиямет күні назарын салмайды» (хадисті әл-Бұхари риуаят еткен) делінген хадис жеткен.

Киіммен, үй-жаймен немесе руымен, ата-тегімен мақтану, ұлтшылдық, рушылдық күнәлардың негізі болып табылады. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабалардың бірінің «Ей, ансарлар!» ал басқа бірінің «Ей, муһажирлер!» деп өз жақтастарын шақырып жатқанын естіген кезде: «Қойыңдар оны, расында, ол – жиіркенішті нәрсе», – деген. Қарапайым қызметкерге, жалгер жұмысшыға немесе міскіндерге менменси қарау – аса ауыр күнә. Өйткені Алла Тағалаға қатысты алғашқы күпірлік тәкаппарлықтан туған.

2. Кінәні мойындау – Адам мен Ібілістің арасындағы үлкен айырмашылық. Ібіліс қарсылық танытып, менменсіді және осы әрекеті үшін мәңгілік тозаққа лайық болды. Ал Адам Алланың әміріне қарсы келіп күнә істегенімен, Одан өз күнәларын кешіруін сұрап жалбарынды. Сондықтан ғалымдар: «Кіші күнә мойындаумен, ал үлкен күнә кешірім сұрау арқылы (жуылады)», – деп айтқан.

3. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер Адам баласы сәжде аятын оқып, сәжде жасаса, шайтан жылап: «Маған қасірет болсын! Адам баласы сәждеге бұйырылып, сәжде жасады да, оған жаннат болады. Мен сәждеге бұйырылдым да, қарсы шықтым, маған тозақ болады», – дейді», – деген.

4. «Адам баласының алғашында сана-сезімі төмен болған. Оны адам еткен – еңбек. Ол аң аулауды және отты қалай пайдалануды үйренді. Келе-келе тілі шықты» деген пікірлердің қисынсыз, ақиқатқа мүлдем жанаспайтыны бүгінде жан-жақты дәлелденген. Алла Тағала адамды әу бастан білімді, періштелерден де білгір етіп жаратты.

5. «Жәннатта сен ашықпайсың және жалаңаш болмайсың». Тарихшылар «адамдар әуелде жалаңаш болған, сосын киінуді үйренді» деген негізсіз тұжырым айтады. Асылында, Алла Тағала Адамды және оның ұрпағын жәннатта да, жерде де киіндірді. Бұл туралы Ол:

«Ей, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін сендерге киім және сәндік бұйым түсірдік. Негізінде, тақуалық киімі жақсы. Солар – Алланың белгілері. Мүмкін түсінерсіңдер»   («Ағраф» сүресі, 26-аят), – деген.

Ал Адам ата мен Хауа ана жаратылғаннан бері жалаңаш болмаған және жалаңаштықтың не екенін де білмеген. Өйткені Аллаһ тағала: «Жәннатта сен ашықпайсың және жалаңаш болмайсың»   («Таһа» сүресі, 118-аят), – деп айтқан.

6. Біздің шариғатымызда жаратылған мақлұққа сәжде етуге тыйым салынған. Ал бұрынғы шариғаттарда құрмет сәждесіне рұқсат етілген. Бірақ бұл, әлбетте, ғибадат сәждесі емес, құрмет ретіндегі сәжде болатын.

7. Шын мәнінде де, қыңырлық әйелдердің табиғатында бар. Кейде оларды ақыл емес, сезім билейді. Егер оны қатты шүйліксең, сындырып аласың. Ал егер мән бермесең, онда ол өзің шыдауға тура келетін сол сезімінде қалады. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әйелдермен жақсы қатынаста болыңдар», яғни оларды табиғатына қарсы мәжбүрлемеңдер, – деген.

8. Қабылдың тәубесінің қабыл болмау себебі: ол тәубенің қабыл болу шарттарын орындамаған еді. Тәубенің қабыл болу шарттары мынадай:

а) Күнәдан тез арада тыйылу.

ә) Істеген күнәсіне шын мәнісінде іштей күйзеліп өкіну.

б) Аллаһ тағаладан жалбарынып кешірім сұрау.

в) Тәубені кешіктірмей жасау. Өйткені жан алқымға келгенде немесе күн батыстан шыққанда жасалған тәубе қабыл болмайды.

 

материал «Пайғамбарлар хиссасы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: