Осыған байланысты сахабалар мен алдыңғы өткен ізгілердің (Алла оларға разы болсын) дүниені пайдалануы – ақырет үшін, Алланың разылығына жеткізетін себеп ретінде болды деп топшылаймыз. Олар дүние табу жолына түскен сайын, сол арқылы Аллаға жақындауды мақсат етті. Дүниені Алланың разылығына жеткізетін құрал етті.
Олар мал-мүлікті бұл дүниесін көркейту, ләззатқа бату, рақат өмір сүру үшін мақсат етпеді. Сол себепті Алла Тағала оларды Құранда былай сипаттады: «Мұхаммед – Алланың елшісі. Онымен бірге болғандар кәпірлерге тым қатал, өзара өте мейірімді. Олар Алладан кешірім тілеп, разылығын қалап, рукуғ жасап, сәждеде жатқанын көресің» («Фатх» сүресі, 29-аят).
Алла оларды жақсы көрді әрі оларды Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)жанында болуға таңдады. Қасиетті Құранда олар жайлы айтылған аяттарды оқыған адам сахабалар туралы қалай өзгеше ойлай алады? Қияметке дейінгі әрбір мұсылман сахабаларға қарыздар. Себебі олар дін үшін ұмытылмас еңбек сіңірді. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге дінді жеткізіп, даналық пен үкімдерді баяндады, адал мен арамның ара-жігін ажыратты, діндегі жалпы мен жеке мәселелерді түсіндірді. Көптеген елге жорық жасап, Алланың ақиқат дінін жайды, исламды таратты, ширк иелері мен қасарысқан, қыңыр қауымдарға қарсы тұрды.
Сол үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің сахабаларым – аспандағы жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңдер де, тура жол табасыңдар», – деуге әбден лайық. Алла Тағала оларды: «Алланың кеңшілігі мен разылығын іздейді» («Хашр» сүресі, 8-аят) деп сипаттауы – дүниені жинағанда тек Алланың разылығы мен кеңшілігін мақсат етуі.
Алла Тағала басқа аятта былай дейді: «Бұл нұр Алланың жоғары бағаланып, ішінде өз атының зікірі етілуіне бұйырған үйлерде болады. Онда ертелі-кеш Алланы дәріптейді. Онда сауда-саттық Алланың зікірінен тоспайтын адамдар бар» («Нұр» сүресі, 36-37 аяттар).
Алла оларға дүние табатын әртүрлі себеп пен сауда-саттыққа тыйым салмады. Себебі олардың байлығы мен дүниесі Алланы ақиқы есте сақтаудан тосқауыл болмады.
Абдулла ибн Утба былай дейді: «Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) өлтірілген күні оның қазынасында жүз мың мөлшеріндегі алтын, бес жүз мың динар және бір миллион дирхам болды. Артында мың жылқы, мың құл, бағасы екі жүз мың динар тұратын Арыс құдығы, Хайбар құдығы және ауылдар мен сай-салалардағы құдықтарды қалдырды.
Амр ибн Ас (Алла оған разы болсын) үш жүз мың динар қалдырды. Зубайр ибн Аууамның (Алла оған разы болсын) мал-мүлкі елу мың динарға жетіп, мың жылқы мен мың құл қалдырды». Абдуррахман ибн Ауфтың (Алла оған разы болсын) байлығын айтпаса да белгілі. Дүние олардың жүрегінде емес – қолында болды.
Дүниеден айырылғанда сабыр етті, дүние берілгенде Аллаға шүкір етті. Алғаш иман келтірген кезде Алла оларды кедейлікпен сынады. Жүректерін тазартып, нұрларын толықтырған соң ғана дүние берді. Егер де Алла жүректерін тазартып, нұрларын толықтырмай тұрып дүние бергенде, бәлкім оларды дүние алдап қояр ма еді?! Берік иман мен яқин сенімді берген соң ғана Алла оларды сенімді қазынашы етіп, мал-мүлікті Өз жолында жұмсауға лайық қылды. Олар дүние мәселесінде Алланың мына сөзіне бойсұнды: «Сендерге аманат етіп берілген малдан тиісті орынға жұмсаңдар» («Хадид» сүресі, 7-аят).
материал «Тәжул-арус» кітабынан алынды,
ummet.kz