Құлдың Алламен байланысының мысалы мынадай: патша өз үйіне бір жалдамалы жұмысшысын алып келіп, оған белгілі бір жұмыстарды тапсырады. Патша ол жұмысшыны алдарқатып, оның еңбегін пайдаланып, ас-ауқатсыз қалдырмайтыны анық. Ал Алла — одан да жомарт, одан да мейірімді.
Сол секілді Алла мен құлдың байланысы: дүние — Алланың үйі болса, сен — сол үйдегі жалдамалы жұмысшысың. Бұйырылған іс — Аллаға бойсұну, ал оның сыйы — жәннат. Алла саған бір істі бұйырып, оны орындауға қажет болатын нәрселерді бермей қоймайды.
Алла мен құлдың тағы бір мысалы: қожайын құлына белгілі бір жерге барып, сонда тұрақтап, дұшпандармен соғысуды бұйырады. Егер қожайын сол жерде тұрақтап, соғысуға бұйырса, дұшпанмен күресуге күш беретін сол жердің азық-түлігін аманатпен жеуге рұқсат бергені де белгілі.
Сол сияқты Алла Тағала құлдарына нәпсімен, шайтанмен күресуді бұйырды. Сондықтан да Алла Тағала былай дейді:
«Расында шайтан — сендерге дұшпан. Сондықтан сендер де оны дұшпан тұтыңдар» («Фатыр» сүресі, 6-аят).
Алла пендені күреске бұйырса, оған күш беретін сол жердің өнімдерін жеуге де рұқсат береді. Егер ішіп-жеуден мүлде тыйылса, Аллаға бойсұнуға, Оған қызмет етуге шамасы жетпес еді.
Алла мен құлдың тағы бір мысалы мынаған ұқсайды: бір патшаның құлдары бар делік, патша олар үшін әдемі, салтанатты сарай салдырып, айналасын ағаштармен көмкеріп, көңілге ұнайтын барлық нәрсемен толықтырды. Бірақ бұл сарай — құлдардың мәңгі тұратын жері емес. Патша оларды кейін сарайға көшіргісі келеді. Патша құлдарына осылай қамқорлық жасады. Ұзақ сапардан кейін олар үшін мол нығметтер дайындайды. Осындай нығметтерді дайындаған патша құлдарын соңғы тағамдар мен ас-ауқаттан тыйып қоя ма?! Әрине, жоқ.
Алла мен құлдардың да мысалы осындай: Алла оларды бұл дүниеге жіберді әрі оларға жәннат әзірледі. Алла Тағала олардың бұл дүниеде мүлде еш нәрсе пайдаланбай, ішпей-жемей өтуін қаламайды.
материал «Тәжул-арус» кітабынан алынды,
ummet.kz