Азанды естіген адамның оған жауап қатуы – сүннет. Тіпті ол жүніп, хайыз, нифас халінде болса да, азанға жауап қайтаруы керек. Сол тәрізді азан айтылғанда оқып отырған Құранды келген аяттан аяқтап, басқа сөздерді тоқтату қажет. Бұл мәселеге қатысты пәтуаларда осылай делінеді. Ақиқаты бір Аллаға аян (Бәдәиғ әс-санаиғ, I том, 383-бет).
Естуші азаншының айтқан сөздерін артынан ілесе отырып қайталайды. Тек азаншы: «Хәййя ъаләс салаһ» пен «Хәййя ъаләл фәләх», – деген кезде, «Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһ» (яғни «Алладан өзге күш те, қуат та жоқ») деп айтуы керек.
Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Егер азаншы: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» дегенде, сендердің біреулерің (шын) жүрегімен: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» десе, одан кейін: «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ!» дегенде, «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ!» десе, сосын: «Әшһәду әннә Мухаммадәр расулуллаһ!» дегенде, «Әшһәду әннә Мухаммадәр расулуллаһ!» десе, одан кейін: «Хәййя ъаләс салаһ!» дегенде, «Лә хәулә уә лә қууатә иллә билләһ» десе, содан соң: «Хәййя ъаләл фәләх!» дегенде, «Лә хәулә уә лә қууатә иллә билләһ» десе, одан кейін: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһә иллаллаһ!» дегенде, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһә иллаллаһ!» десе, жәннатқа кіреді», – деді», – деген (1).
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісімен (с.а.с.) болған кезімізде, Біләл тұрып азан айтты. Ол тоқтаған кезде, Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім осылайша айқын сеніммен айтса (азанды қайталаса), жәннатқа кіреді», – деді», – деп айтқан (2).
Таң намазында «Әс-Саләту хайрум мин ән-наум, әс саләту хайрум мин ән-наум» деп айтылғаннан кейін «садақта уа барарта» («Рас айттың, ырысқа кенелдің») деп айтылады (3).
Азан айтылып болғаннан кейін Пайғамбарға (с.а.с.) салауат айту: Азан айтылып болған соң, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтылып, азан дұғасы оқылуы керек. «Аллаһуммә Рабба һәзиһид-даъуатит-тәммәти, уәс-саләтил-қайимәти, әти Мухаммадән әл-уасиләтә уәл-фадыйләтә, уәбъасһу мақаман махмуданил-ләзий уәъәдтәһ».
Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісінің (с.а.с.): «Егер азаншыны естісеңдер, соның айтқандарындай айтыңдар. Сосын маған салауат айтыңдар. Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтады, кейін Аллаһтан маған уәсиләні (жәннаттағы жоғарғы орын) сұраңдар. Ол (уәсилә) – жаннаттағы бір орын, ол Аллаһтың құлдарының біреуіне ғана лайықты. Сол адамның өзім болғанын қалаймын. Кімде-кім маған уәсилә сұраса, оған менің шапағатым бұйырады», – дегенін естідім», – деген (4).
Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жеткізген хадисте: «Алланың елшісі (с.а.с.): «Кім азанды естіген кезде «Аллаһуммә Раббә һәзиһид-даъуатит-тәммәти, уәс-саләтил-қайимәти, әти Мухаммадән әл-уәсиләтә уәл фадиләтә, уәбъасһу мақамән махмуданил-ләзий уәъәдтәһ» (5)», – десе, Қиямет күні менің шапағатым оған халал етіледі», – деді», – делінген (6).
____________________________________________________________-
1. Сахих Муслим, Китәб әс-салаһ, 578.
2. Сунән ән-Нәсәи, Китәб әл-әзән, 668.
3. Бәдәиғ әс-санаиғ, I том, 383-бет.
4. Сахих Муслим, Китәб әс-салаһ, 577.
5. Мағынасы: Уа, Аллаһ! Осы азан мен оқылатын намаздың Раббысы! Мұхаммедке шапағат ету құқығы мен ерекшелікті бер және оған Өзің уәде еткен мақтаулы орында қайта тірілте көр!
6. Сахих әл-Бұхари, Китәб әзән, 579.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz