24 Қараша 2026, Сейсенбі 14 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:40
Бесін 12:06
Екінті 14:34
Шам 16:21
Құптан 17:55

Түнгі намазға тұруды қалай әдетке айналдырамын?

Түнгі намазға тұруды қалай әдетке айналдырамын?

Түнгі намаздың қадірін білу – бір бөлек, оны тұрақты әдетке айналдыру – бір бөлек. Кей адам рухани әсерге бөленіп, бірнеше түн қатарынан түнгі намазды ұзағынан оқи бастайды.


Алайда кейін оны мүлде тастап кетеді. Нәпсі тәрбиесінде ең дұрыс жол аздан бас- тап, тұрақты жалғастыру. Әуелі аптасына екі-үш күн екі рәкәғаттан бастауға болады. Дене осы ырғаққа үйреніп, ұйқы тәртібі реттелген соң, рәкәғат санын да, оқу уақытын да арттыруға болады. Үздіксіз оқылған аз намаз тәрк етілген ұзақ ғибадаттан әлдеқайда пайдалы.

Екінші маңызды мәселе – кешкі аста жеңіл тағам жеп, ерте жату. Тамаққа тыңқиып тойып алып, кеш жатқан адамның түнде тұруы қиын. Анығырақ айтсақ, кеш жатуға әдеттенген адам түнгі намазға тұрудың қамын шындап ойламайды деген сөз.

Үшіншісі – оянуға көмектесетін түрлі тәсілдерді қолданып, алдын-ала дайындалу. Мысалы, оятқышты төсектен қол созғанда жетпейтін жерге қою, оянғанда «Аздап жата тұрайын» деп қайта ұйықтап кетпес үшін бірден тұрып, қимылға көшу түнгі намазды тұрақты атқаруға көмектеседі.

Төртіншісі – бір түн тұра алмай қалған адам түнгі намазды тұтастай тастап кетпеуі керек. Рухани жолда мінсіздік емес, ниет пен тұрақтылық маңызды. Тәһажжуд парыз емес. Бір-екі рет ұйықтап қалу – оны толық тастап кетуге себеп емес. Сондықтан келесі күндері қайтадан тұруға талпыну қажет.

Түнгі намаз – рухтың қылуеті.

Бесіншісі – түнгі намазға деген көзқарасты өзгерту. Егер түнгі намазды үнемі «ауыр міндет» ретінде қабылдасаң, нәпсің одан қаша береді. Ал оны күні бойы ішінде ешкімге айта алмағаныңды Раббыңа айтатын, ішкі әлеміңді реттейтін, тыныштық табатын жеке кездесу деп сезіне бастасаң, бірте-бірте өзің аңсайтын уақытқа айналады. Алғашында оятқыш сені тәһажжудке тұрғызса, біраз уақыттан кейін жүрек сол мезгілді өзі іздей бастайды.

материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,

ummet.kz