24 Қараша 2026, Сейсенбі 14 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:40
Бесін 12:06
Екінті 14:34
Шам 16:21
Құптан 17:55

Құлшылыққа жасырынған тәкәппарлық

Құлшылыққа жасырынған тәкәппарлық

Нәпсі құлшылық-ғибадаттан да өз үлесін іздейді. Адам намазының көптігіне, оразасына, зікіріне немесе дін жолындағы табандылығына сүйсініп, өзгелерді бейқам әрі рухани төмен санауы мүмкін. Оның тілі ешкімді айыптамаса да, өзі жасап жүрген құлшылықтарына сеніп, сүйсіне бастаса, бұл да тәкаппарлықтың белгісі.


Мұндай адамның жүрек түкпірінде «мен тақуалыққа жеттім», «мен олар сияқты емеспін» деген жасырын мақтаныш үні жатуы ықти- мал. Тіпті өзгенің қателіктері мен күнәсін көргенде, оларды сырттай соттап, тозаққа да тастап үлгереді.

Мұндай жағдайда ғибадат Раббысына жақындататын бас- палдақ болудың орнына, адамның өзін көтеретін мінберге айналады. Негізінде, ғибадаттың мақсаты «менді» ұлғайту емес, адамды кішіпейілдікке тәрбиелеу. Егер адам құлшылық арқылы жүрегін жұмсартып, кішіпейіл болудың орнына айналасына жоғарыдан қарайтын болса, бұл оның құлшылықтың ішкі мазмұнына жете алмағанын көрсетеді.

Өзіне тамсану һәм такаппарлық.

Ибн Атауллаһ әл-Искандари мұсылман баласы жиі ұшырайтын осы қауіпті ескертіп, былай дейді: «Иесін менмендікке ұрындырған құлшылықтан оны төмен қаратқан күнә артық». Яғни, адамға өз әлсіздігін мойындатып, тәубеге жетелейтін қателік - «мен басқаларға қарағанда тақуамын әрі жұмаққа лайықпын» дегізетін құлшылықтан әлдеқайда қайырлы.

Тәкаппарлық адамның айналасына жасап жүрген қызметіне де араласуы мүмкін. Жүрегі дертке шалдыққан адам кімге көмектескенін, қай жерде шығындалғанын ұмытпайды. Тілімен міндетсінбесе де, нәпсісі өз үлесін есептеп жүреді. Кейін еңбегі еленбей, аты аталмай қалса, реніші бой көрсетеді. Осы сәт оның қызметінде нәпсінің қаншалықты үлесі барын аңғартады.

Демек, рухани жолдағы күрес тек жаман істі тастаумен тәмам болмайды. Рухани сапардағы жолаушы жақсы істің ішіне араласқан «менін» жүрегінен тазартып отыруы керек. Халыққа қызмет етіп, қандай да бір адамға жақсылық жасағанымызда, әрдайым кішіпейіл көңілмен: «Уа, Аллам, бұл жетістікті Сен нәсіп еттің, Сен жасаттың, мені себепкер еткен Өзіңе қарыздармын», - дей білуіміз керек.

материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,

ummet.kz