Жақсы істі бастау қиын емес, ең қиыны оны тұрақты жалғастыру. Бір күні ерекше тебіреніп, Құранды ұзақ оқып, түні бойы намазға тұрып, көп зікір айтуымыз мүмкін.
Бірақ рухани тереңдік бір күндік шабытпен емес, аз болса да ұзақ уақыт бойы үздіксіз жасалған амалмен қалыптасады. Су тамшысы жылдар бойы үздіксіз тамғанда ғана қатты тасты теседі. Ізгі амал да сол секілді жүректің қатқан қабаттарын біртіндеп жібітеді.
Сондықтан құлшылықтағы сабыр көңілдің қалауына тәуелді болмау. Бүгін «зауқым бар» деп жасап, ертең «көңілім тартпай тұр» деп тастай салу нәпсіге оңай. Ал шаршасаң да, көңілің тартпаса да, дәретіңді алып, бес уақыт намазыңды, дұғаңды, зікіріңді үзбей жалғастыру нәпсіні тәртіпке үйретеді.
Осындай тұрақтылық уақыт өте келе адамның күнәға қарсы тұру қабілетін күшейтеді. Өйткені күн сайын белгілі бір рухани тәртіпке бағынған нәпсі «не қаласам, соны істеймін» деген еркіндігін біртіндеп жоғалтады.
материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,
ummet.kz