Кішіпейіл болып көрінуге тырысу ашық тәкаппарлықтан да қауіпті. Ашық тәкаппарлық бірден танылады. Ондай адам өзін басқадан жоғары қойып, өзгені менсінбейді. Ал жасанды кішіпейілдік осы менмендікті қарапайымдық пердесімен бүркемелейді.
Сондықтан онда тәкаппарлықпен бірге алдау һәм көзбояушылық та бар. Мәселен, жетістікке жеткен адам: «Мен ештеңе істеген жоқпын, ерекше қабілетім де жоқ»,- деуі мүмкін. Егер ол мұны шын көңілден емес, жұрттың: «Жоқ, мұның бәрін сіз жасадыңыз!» - деген мақтауын күтіп айтса, бұл – кішіпейілдік емес. Мұндай адам өзін тікелей дәріптемегенімен, өзгелерге мақтатқысы келеді. Яғни, кішіпейілдіктің астарында нәпсінің жасырын айласы жатады. Шынайы кішіпейілдік бойыңдағы Құдай берген қабілетті түгелдей жоққа шығару емес. Кішіпейіл адам өзіне берілген дарынды жеке меншігі емес, аманат деп біледі. «Бұл қабілет маған жақсылыққа жұмсау үшін берілген», - деп түсінеді.
Жасанды кішіпейілдік адамның қарапайым жандармен қарым-қатынасынан да байқалады. Ол лауазымы жоғары яки атақты адамдардың алдында кішіпейіл көрініп, қызметкерлеріне, отбасына немесе өзіне тәуелді адамдарға келгенде басқаша құбылуы мүмкін. Шынайы мінез көпшілік алдындағы қалпынан емес, билігі жүретін жерде қалай әрекет ететінінен танылады. Жасанды қарапайымдық көрермен іздейді, ал шынайы кішіпейілдік куәгер болмаса да, өзгермейді.
Кей кісі: Мен төрге лайық емеспін ғой, - деп, құрметтен бас тартып, қарапайымдылық танытқандай көрінеді. Бірақ жұрт қайта шақырмаса, іштей ренжиді. Мәселе төрде отыруда емес, жүректің құрметке байланып қалуында. Шынайы кішіпейіл адам төрде отырса да, өзін жоғары санамайды, төменде отырса да, төрден орын мен құрмет дәметпейді…
материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,
ummet.kz