Ықыластың ең қиын тұсы істі бастарда ғана емес, іс барысында да, соңында да таза ниетіңді сақтау.
Нәпсі амалдың алдында: «Жұрт көрсін», - дейді. Іс барысында: «Мен қандай кереметпін, көріңдер» деп сыбырлайды, ал жасап болған соң әйтеуір бір ыңғайын тауып, сол ісін көпшілікке естіртуге тырысады. Міне, ықылас осы үш сәттің бәрінде жүректі күзетіп, Алланың разылығына бұрады.
Ықыласқа жеткен жандар «Менің еңбегім бағалансын, істеген ісімді жұрт көрсін, адамдар маған қошемет көрсетсін» деген нәпсілік үннің бәрін «Раббым разы болса, маған жеткілікті» деген имани түсінікпен алмастырады.
Ықыластың бұзылуына көбіне рия, өзіне тамсану (ужб), міндетсіну, қайтарым күту, бәсекелестік, мансапқорлық, атаққұмарлық, материалдық мүддені көксеу және «менің пікірім өтсін» деген жасырын нәпсілік қалау себеп болады.
Ықылас жоғалған жерде амал саудаға түседі. Нәтижесінде ниетіңе рия араласып, құлшылығың мақтанға, жақсылығың өзіңе тамсануға айналады. Көп ұзамай тәкаппарлық пен міндетсіну сияқты дерттер бас көтере бастайды.
Рухани сапардағы адамның деңгейіне қарай ықыластың дәрежесі де әртүрлі болады. Қарапайым деңгейдегі адам ойынан өткен нәрсе үшін жауапқа тартылмауы мүмкін. Бірақ рухани кірпияздығы артқан жан үшін жүрекке түскен кішкентай кір ойдың өзі тәубеге себеп болады. Ондай адам жүрегіне түскен ойдың тазалығын ұдайы бақылап, жүрегін лас ниеттен үнемі күзетеді. Міне, бұл ықыластың жоғары қабаты.
Ықыласты адам амалын Алла разылығы үшін жасағандықтан, жақсылығы көрінбей қалса, ренжімейді. Еңбегі бағаланбаса, ашуланбайды. Өйткені ол амалын адамға емес, Алланың құзырына тапсырған. Бұл, әрине, оңай емес. Себебі нәпсі әрдайым көрінгісі келеді. Жасаған жақсылығының байқалғанын, айтылғанын, бағаланғанын қалайды.
Құл Қожа Ахмет Ясауи ықылас жайлы былай дейді:
«Аты-затым, нышан да жоқ "Лә-лә" болдым,
Алла жадын айта-айта "Иллә” болдым,
Халис болып, мухлис болып "Лиллаһ" болдым,
"Фәна филлаһ" мақамына астым, менә».
«Лә» арабша «жоқ» дегенді білдіреді. Ясауидің «Лә-лә болдым» «жоқ болдым, мендік жойылды» дегені. «Иллә болдым» дегені дегені жүректің зікір арқылы бір Алланың абсолютті Құдірет иесі екенін мойындауын білдіреді. «Мухлис» ықыласқа жеткен жан болса, «Лиллаһ» – бәрін Алла разылығы үшін жасау.
Шәкәрім Құдайбердіұлы:
«Сыртқы сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса,
Айтқан сөзің ем емес», - дейді.
Сырт түзелгенімен, іш түзелмесе, құр сөз ем болмайды. Ниет тазармаса, жалаң амалдың өзі жүрекке дауа болмақ емес.
Ықыласты күшейтудің – жолы ниетті жиі бақылау, жасырын амалдарды көбейту, мақтау мен даттауға байланбау, амалды өзінен емес, Алланың жәрдемінен көру және үнемі мұхасаба жасау.
Кісі басқалардан озуға емес, Алла разылығы үшін олармен бірге қызмет етуге тырысуы керек. Ал «Неге мен емес?» деген ішкі дауыс оянса, рия мен бәсеке есік қағады.
Қысқасы, ықылас – амалдың емес, жүректің мәселесі. Жүрек адамдардың көзіне, сөзіне емес, Алланың назарына ұмтылғанда ғана бүкіл нәпсілік аурулардан құтылады.
материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,
ummet.kz