31
Сенбі,
Қазан

һижри

Келісім мұраты – асыл дінді ұлықтау

Мақалалар
Жарнама

2015 жылғы 2 шілдеде елордамыз Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істер комитеті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен  «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы арасында діни-рухани салада өзара ықпалдасып жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылды.

 

Аталған тараптардың еліміздегі дін саласының тұрақтылығына және  конфессияралық келісім мен ауызбіршілікке елеулі үлес қосып келе жатқандары мәлім. Көпконфессиялы қазақстандыққоғам үшін елдегі дінаралық келісім мен мен этносаралық бейбітшілікті сақтау және оны нығайту – ортақ мақсат. Әрине, бұл бір ғана мекеменің немесе белгілі бір ұйымның міндеті еместігі анық. Ондай игі мақсатқа ауызбіршілік пен тұрақтылықты нығайтуды басшылыққа алатын қоғамдық күштер біріккен уақытта ғана қол жеткізуге болады.

Тараптармен қабылданған келісім бойынша «Асыл арна» телеарнасынан дін мен дәстүрдің мәнін ашып көрсететін, дәстүрлі дініміз бен төл мәзһабымыздың асыл құндылықтарын насихаттайтын және мемлекеттің дін саласында жүргізіп отырған салиқалы саясатының мәнін ашатын арнайы бағдарламалар дайындалып, эфирден көрсетілетін болады.

 

Досай КЕНЖЕТАЙ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, дінтанушы:

Ділі, діні, тілі, еркі бір қазақ қоғамының баянды болашағы үшін небір пікірталас, ұсыныстар, жобалар мен жаңа танымдар кешегі егемендік алғалы бері толастамайтын болды. Бұл табиғи құбылыс. Өз тәжірибеміз бен сыртқы елдердің озық ой, тәжірибелері де керек. Бұған талас жоқ.Бірақ діни сана мен діни таным басқа танымдар сияқты сыйымды, төзімді, табиғиқұбылыс деп қарап отыра беретін мәселе емес. Бұған өте нәзік қорғандар қажет ақ. Ол қорғанды қоғам, ұлт, мәдениет, мемлекет болып келісіп алу шарт. Себебі дін құндылықтардың орталығы. Ол бағдар, ол бағыт, ол болмыс, ол ар, ол намыс, ол құт. Егер онда өзгеріс пайда болар болса, құты қашады, құндылығы аяққа тапталады. Кешегі кеңестік идеология қазақтың санасына, мемлекеттік жүйесіне, мәдениетіне, тарихына, өзіне деген сенімсіздікті, құлдық психологияны егіп үлгерген. Бүгін сол дерттен қайтсек айығамыз деген сұраққа, қазақ жастары өздерінше, өз білгендерімен, белсенділігін танытып отыр. Ең басты белсенділік олардың дін исламға деген қатынастарынан көрінеді. Бұған шүкір...Бірақ бұл жетпейді...Ең бастысы қай жол, қай бағыт, бағдар...Ол қазақтың дәстүрлі мұсылмандық тәжірибесі мен санасы. Ол Матуриди, Ханафи, Иасауи үштік тағаны арқылы тарихымызда сайрап жатыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы уақытта осы бағытта жүйелі істерге мұрындық болып отырғандығын айтуымыз керек. Бұл мақтау үшін емес, қоғамды сараптау үшін қажет. ҚМДБ алдында қоғам үшін атқарар іргелі де баянды бастамалары жетерлік. Ең бастысы, діни тәжірибеміздің сатылары м ен қабаттарына ғылыми танымдық баға мен зерттеуді қолға алуы шарт. Бүгінгі жастарды мазалаған діни танымдық мәселелерге ғылыми тұрғыдан және дер кезінде ізін суытпай жауап беріп отыруы шарт. Бұл, өз кезегінде, оның беделі мен жауапкершілігінің көрінісі болар еді.

Демек, ҚМДБ қоғамдағы діни ахуалдың орталығы мен ұйытқысы болу жолында өзара түсіністікке жетелейтін жалғыз есікке айналуы шарт.Діни басқарма қазіргі күнде осы бағытта имамдар форумын өткізу, имамдар кодексін қабылдау, басқару тетіктерін жетілдіру, жамағаттармен жұмыс жүргізу және мүдделі тараптармен меморандум бекітуде белсенділік танытуда. Дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Дін істері комитеті қоғамымызда дінаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту ісінде мемлекеттің салиқалы саясатын табысты іске асыруда. «Асыл арна» телеканалының дәстүрлі дініміз бен төл құндылықтарымызды насихаттау ісіндегі атқарып отырған жұмысы бір төбе.. Сондықтан тараптардың бірлесіп жұмыстар жүргізуге ниеттестігі көрініс тапқан келісім жасасуы құптарлық іс болды. Мұны үлкен жетістік және қол жеткізілген оң белес деп ұғынғанымыз абзал.

 

Мұхитдин ИСАҰЛЫ, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, теология ғылымының докторы, исламтанушы:

Біз қазақ әлімсақтан мұсылман елміз. Дініміз – Ислам, қолымызда Құран, жүректе иман сол себепті де ежелден орын теуіп, мекен еткен жерімізге біреуі айдалып, енді бірі қиналып, енді бірі бақыт іздеп келген түрлі ұлттарды «адам баласы» деп сидырған елміз. Өзіміздің даралығымызды білсек те, алалықты білмедік. Аға қылықты білсек те шалалықты білмедік. Ендеше бұл күнде жоғымызды түгендеп, іргемізді нықтап бекіту, кешегі асыл құндылықтарды қайта жаңғырту, әсіресе дәстүрлі дініміздің тереңіне үңіліп, келешек ұрпақтың санасына сіңіру сол даралық пен ағалық, аға ұрпақтың негізгі межесі болмақ.

Біз үнемі «дәстүрлі Ислам» туралы айтамыз, ол не? Ол қазақтың Ханафижолы. Ал қазақ сол мәзһабты өз ішіндегі сан ғасырлық ғұламалардың бәтуасы арқылы дәстүрі мен мәдениетіне айналдырған. Міне өміршеңдік деген осы. Яғни қазақтың дәстүр дегенінің басым көпшілігінің түбірін түртіп келсеңіз ханафимәзһабындағы бір шариғатқа барып тірелесіз.

Міне, осындай асыл құндылықтарды қайта жаңғыртып, ханафимәзһабын халықтың санасына тасқа басқан таңбадай сіңіру егеменді ел болғалы бері ҚМДБ-ның негізгі нысанасы болып келеді. Ал жақында осы діттелген межеге тезірек жету үшін бұған Дін істері комитеті мен «Асыл арна» қосылып үшеуі бірігіп бірліктің жаршысына айналды.

Әрі бүгінгі заманда діни эстремизм мен фанатизм дерті өршіп тұр. Оның біздің елімізде де көріністері жоқ емес. Міне соларға тосқауыл болу да бірлікті қажет етеді. Мысалы «Асыл арна» біздің елдегі қара шаңырақтың жалғыз перзентіндей жалғыз ғана Ислам дінін насихаттап жүрген арна. Енді осы арнаның ҚМДБ-мен бірігіп ханафимазһабын жиі насихаттауы, Діни комитетпен бірігіп діни фанатизм жайлы нақты деректер көрсетіп елге оның қаншалықты зияндылығын танытуы қос қолдап қолдайтын құптарлық үлкен сауапты да жауапты іс болмақ.

 

Ермек МҰҚАТАЙ, "Әлжан ана" мешітінің бас имамы:

Үш жақты келісімнің көздегені – Қазақстанда дәстүрлі Исламды, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын, халыққа жалпы діни қағидаларды дұрыс жеткізу. Әлбетте, бұл көпшілік құптаған қуанышты жайт. Технология қарыштап дамып отырған бүгінгі өскелең шақта халықтың танымына тікелей әсер ететін құрал – телеарна екені баршаға аян. Осы қажеттілікті өтеуде ҚМДБ мен ДІК және «Асыл арна» ұжымының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қарекет етуге ниеттенуі, сөз жоқ үлкен жетістік. Енді, эфирдегі көрсетілімдерде Әбу Ханифа мәзһабы және Имам Матуриди мектебінің құндылықтары басшылыққа алынса, қалың елдің «Асыл арнаға» деген сенімі нығая түсері анық. Бұл біздің рухани тұтастығымызды арттыратын қадам болмақ. Осы жөнінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы:«Баршамыздың мақсатымыз бір: халқымыздың иманын күшейту, ізгілікті, мейірімділікті насихаттау, бірлігімізді бекем ету. Біз бірігу арқылы діни, рухани салада өнімді, нәтижелі еңбек ете аламыз», – деп атап көрсеткен еді.

 

Жалғас СӘДУАҚАСҰЛЫ, дінтанушы, философия ғылымының кандидаты:

 Аталған үш жақты меморандум Қазақстанда дәстүрлі Исламды, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын, халыққа жалпы діни қағидаларды дұрыс жеткізуді көздейді.Өйткені,бүгінгі таңда дін Исламды дұрыс жеткізе білу – уақыт талабы.Тарихи және мәдени қалыптасқан дінімізге керағар түрлі теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың соңынан еріп, адасып жатқан отандастырымыздың бірден бір себебі, діни сауатсыздық немесе шала сауаттылық. Егер ел асып, жер асып кіндік қаны тамған Отанын тастап, дін Исламға мүлдем қатысы жоқ майданға қатысып, «джиһад» етемін деушілерге қарсы күрескіміз келсе, бірігіп жұмыс жасауымыз керек. Жастарға дін Исламдағы имандылықпен бірге инабаттылықты, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға мейірімді болу, ағайын-туыспен қатынасты үзбеу, жарлыға жәрдем беру, қайырымдылық жасау, сабырлық, достық, адалдық сияқты т.б. көптеген мұсылманшылық құндылықтар мен дәстүрімізді дұрыс және оңды насихаттауымыз керек.

Қазақ: «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау алау болса ауыздағы кетеді», – деп бекер айтпаған. Сондықтан, жасалып отырған осы меморандум қағаз бетінде қалып қоймай іс жүзінде іске асып, халыққа дәстүрлі Исламды, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын дұрыс деңгейде жеткізіп, Қазақстандағы дінаралық және этносаралық тұрақтылыққа өз үлесін қосады деп сенеміз.

P.S. Иә, жаһандану үдерісі күшіне енген қазіргі уақытта қазаққа саяси ауызбіршілікпен қатар рухани бірлік керек. Тарихқа көз салар болсақ, бірлігі ала-құла елдердің басынан дау кеткен емес. Ал, Алаш баласы әлімсақтан рухани біртұтас ел.  Қазақтың қүш-қуаты қашанда бірлігінде болып келген. Лайым солай бола бергей! 

 

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Бөлісу: