26
Жұма,
Сәуір

һижри

Салтымыздан қашпайық, шариғаттан аспайық

Мақалалар
Жарнама

Салт-дәстүрді ғасырлар бойы тарихи негізде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын әдет-ғұрып, жалпыға бірдей тәртіп деп қарастырсақ, ал, шариғат дегеніміз – ғасырлар бойы адамзатты тәртіпке, мейірімділікке, Жаратушысына деген асыл құлшылыққа, ынтымақ-бірлікке үндейтін заңдылық.

 

Әрбір елдің, әрбір ұлттың өзіндік салт-дәстүрлері болатындай, әрбір діннің де өзіндік шариғаты бар. Біз, қазақ, мұсылман еліміз, сонымен қатар, ата-бабаларымыздан қалыптасқан өз салтымыз, ғұрыптарымыз бар. Бұл бағыттан тайсақ, бақ та таяры сөзсіз. Өкінішке қарай, соңғы кездері көптеген салт-жоралар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап бара жатқандай. Бұлай жалғаса беруі жақсылыққа апарып соқпайтыны анық.

Қазіргі қоғамымыздағы белең алып отырған сондай мәселелердің бірі – жаназадағы түрлі жағдайлар. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді», – деп бізге ашық ескерту жасап отыр («Ағраф» сүресі, 31-аят). Олай болса, Аллаға ұнамайтын ысырапшылықтан қашық болуымыз керек емес пе? Біз асты не үшін немесе кім үшін береміз? Егер ас беріп, ол асқа жиналғандардың дұға-тілектері қабыл болып, дүние салған кісіге сауабы тисін десек, қабыл болатын жолын іздеп, Аллаға ұнайтын істер істеуіміз керек емес пе? Өкінішке қарай, бүгінде Алланың сауабын іздеу емес, басқадан қалмау, өзгемен жарысу басымдау болып тұрғанға ұқсайды.

Жаназадағы ғұрыптық және діни рәсімдер

Алдымен жаназа оқылмас бұрынғы көрініс тауып жатқан шараларды сөз ете кетсек. Шариғатта негізі жоқ, қазақы дәстүріміздің иісі сезілмейтін жайттар да көп кездеседі. Ол, кісі дүние салғанда жарықты өшірмей күндіз-түні шам жағып қою, ақылға қонғысыз ертегілер сияқты сонау көне славян халықтар ырымы саналатын үйдегі айна беттерін матамен жауып қою, мәйітті жерлеуге асықтырмай күттіріп қою, жаназа шығарылғанға дейін түнімен жанында кісілер күзетіп шығу деген сияқты істер бар. Бұлардың шариғатта еш негізі жоқ.

Айталық, керісінше мәйітті күттірмей жерлеуге асығу керек. Имам Алау ад-Дин Касани әл-Ханафи (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса, жақсылығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі болса, тозақ иелері бізден алыс болсын», – деген хадисіне сүйене отырып, мәйітті жерлеуді асықтыру мұстахаб, яғни жақсы амал деген (Өзінің «Бәдәиъус-Санаиъ» атты кітабында келтірген).

Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет болып санала-ды. Қаншалықты кешіктірсе, сонша оның қадір-қасиетін қашырады. Сондықтан барынша тез жерлеуге асыққан жөн. Біздер керісінше мәйітті емес, сол мәйіттің алыстағы туған-туыстарын құрметтеп, жерлеу рәсімін екі-үш, тіпті одан көп күндерге кешіктіріп жатамыз, бұл дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистеріне сүйенсек, уақыты кірген намазды оқуға, қарызды қайтаруға, мәйітті жерлеуге және бойжеткен қызын тұрмысқа беруге асығу керектігіне бұйырған.

Тағы бір айтпай кетпеске болмайтын дерт бар. Ол – кісі қайтыс болғанда артынан дұға ету емес, Құран оқып бағыштау емес, жақсы тілектер мен ол жайлы жақсы сөздер айту емес, керісінше күйші-жыршыларды шақырып, скрипкашыларды төрге шығарып қойып жыр ойнату. Біз халықты дүниеден өткенімізге дұға жасап, оның біліп-білмей істеген күнәларына Жаппардан жарылқау тілеу үшін жинаймыз ба? Әлде сайран салып, күй тыңдауға ма? Біз Құран оқытып, туыстығымызды білдіріп жатырмыз ба? Әлде, өзге діннің салтын тықпалап, өзіміздің «ерекшелігімізді» көрсетіп жатырмыз ба?! Алла сақтасын, мұндайдан қашық болайық, ағайын.

Мәйітті жуу

Мәйітті жууға, шариғат бойынша, қанша адамның кіруі шарт емес. Шамасы келсе, бір кісінің де жууына болады. Алайда, көмекшілердің болғаны жақсырақ. Сондай-ақ, сүйекке құда-жекжат, туыстарынан түсемін деушілер болса, оған шариғат қарсы емес. Бірақ, тек туыстық-жақындық жағынан жуушы тағайындаудан гөрі жуудан толық хабары бар, мәйіттің айыптары болса, оны жасыра алатын, діндар кісілердің жуғаны абзалырақ. Шариғат бойынша, мәйітті жуу – парыз. Мәйіт иіс май қосылмаған таза сумен жуылса да болады. Мәйітті үшінші рет жуғанда суға иіс май қосса, дұрыс болады.

Жаназа намазы

Жаназа намазы мәкрүһ уақыттан басқа кез келген уақытта, күндіз болсын, түн болсын, оқыла береді. Мәкрүһ уақыт деп – күн шығып немесе батып бара жатқан және күн тас төбеде тұрған үш кезді айтады.

Иә, жаназаны баршамыз да білеміз. Қалай оқылатынын, кім оқитынын және не істелетінін. Тіпті, жаназа намазын оқу үшін дәрет алу керектігін де жақсы білеміз. Бірақ, жамағат арасында бұған немқұрайлы қарап, дәретсіз де сапқа тұратындар кездеседі. Дәретсіз намаз, намаз ба? Осы жағын да халық назарда ұстаса екен дейміз. Намазға дәретін алып, сауап алу ниетімен қатысса, мол сауапқа кенелетіні ақиқат.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намаз оқылғанға дейін жаназа намазында болған адамға бір қырат, жерленгенге дейін болған адамға екі қырат сауап бар», – деген. «Екі қырат не?», – деп сұрағанға: «Екі үлкен таудай», – деп жауап берген (Бұхари, жанаиз, 59). Сондықтан, жәй келіп жаназа намазға қатыса салмастан, екі үлкен таудай сауапты ниеттеніп қатысқан жөн.

Жерлеу мәселесі

Жерлеу мәселесінде де ескерер жайттар көп. Жоғарыдағы хадисті назарға ала отырып айтар болсақ, кісі жаназа намазына қатысып, ары қарай жерлеуіне де қатысса, екі үлкен таудай сауапқа кенелетінімізді ұқтық. Алайда, мұның мәнісін түсінбей, біреу туысым деп, біреу досым деп ұялғаннан келетіндер бар. Енді біреулері, ата-бабамыздың осындай сауапты үміт етіп жаппай жерлеуге баратын әдеттері бүгінде үрдіс болып қалыптасқандықтан, жаппай қабір басына барып жатады. Бірақ, барғанда көпшілігінен сауап үміт етіп барғандарын байқай алмайсың. Біреулері темекі шегіп ана жерде, мына жерде екі-үш кісіден топтасып алып, әңгіме-дүкен құрып жатады. Жаназаға келіп тұрып, өз туыстарының бейіттерін аралап кетіп қалатындарға жарайды, амал нешік деп тұрсаң, енді біреулердің қайғы уақытында шырқ-шырқ күліп жатқандарына таңданасың.

Дүниеден бір кісі өтсе, оны ақтық сапарға шығарып салу – мұсылмандардың міндеті. Барынша жақсы сөздер айтып, жақсы жағынан еске алып, ертең дәл осы сәт біздің де басымызға ораларын естен шығармауымыз керек. Өлім мен қабірге қарап ғибрат алуымыз керек. Қаншама атақты сахабалар осы бейіт басына келіп көз жастарын төккен. Олардан неге жылағандарын сұраған жанындағыларға: «Біздің нағыз мәңгілік өміріміз осы жерден (қабірден) басталады», – деген. Расында, пенде қандай сауабымен жан тәсілім еткен болса, сауап-күнә амалдарына қарай қабір азабы не қабір рахатына кенеледі. Қабірде күйің қандай болса, қиямет күні ол күй еселене түседі. Сондықтан, әрқашан тәубе етіп, әсіресе осындай жаназа кезінде кешірім сұрап, сауапты іс істеуге тырысу керек. Кісі өлімін Алланың өзгелерге деген ескертуі деп те ұғуымыз керек. Осындай ашық ескерту кезінде өсек айтып, шарқ-шұрқ күліп, бейғам болу қандай өкінішті. Осындайдан сақтанайық, ағайын. Алла тағала өлім жайлы Құранда: «Одан (топырақтан) сендерді жараттық. Оған қайтарамыз да, екінші рет содан шығарамыз», – дейді («Таһа» сүресі, 55-аят). Яғни, баршамызды өлімнен кейін қайта тірілтіп, Қиямет күні әрбір істеген істерімізден, әрбір жаратқан тиындарымызды қайдан алдық және қайда жұмсадық – бәрінен сұрау алады. Ақылы бар жан бұл жайында терең ойлануы керек.

Шариғатта ысырапшылыққа жол жоқ

Атам қазақ, көктен қанша жауын жауып жатса да, дөңгелек жердің көп бөлігі дария-көлдер болса да, тіпті басып жүрген жерімізді сәл қазсақ, су шығатыны белгілі болса да, «Судың да сұрауы бар» деп жайдан-жай ескертпеген. Бұл дегеніміз – әрбір нәрсенің сұрауы бар деген сөз. Олай болса, қазіргі қозғағалы отырған ысырапшылық тақырыбының төркінін түсінген боларсыз! Айтпағымыз, жаназадағы ысырапшылық жайы.

Иә, өмірдегі ең жақын, біз үшін жанашыр жақын адамдарымыз дүние салып жатыр. Біз ол асылдарымыз үшін неден аянып қалуымыз керек? Ол асылдарымыз үшін барша мал-дүниеміз де садақа болсын! Жо-жоқ, бұл тәтті сөздер тек тілменен ғана айтылып жатыр. Ал, көпшілігіміз мал-дүниемізді қайтыс болған асылымыз үшін емес, жұрттардың «Пәленше, қайтыс болған түгеншесі үшін барын салды, ұлан-асыр ас берді» деуі үшін сарп етіп жатқандаймыз. Яғни, орынсыз мал шашып жатқандаймыз. Абай атамыз бұны 5 дұшпанның бірі деп әдеміше өлеңмен жеткізіп қойғаны жадымызда бар шығар.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз, – деп, астарлап та, нақтылып та дөп айтып тұрған жоқ па?

Баззар (р.а.) жеткізген хадисте: «Үнемдеген адам байиды, ысырап еткен кісі кедейлікке ұшырайды», – деген. Бұл хадистің мағынасы негізінен түсінікті болғанымен, кейде көпшілігіміз байқай бермейтін жақтары бар. Айталық, кісілерді шақырып ас беру керек болса, олар дәмнен ауыз тиіп, ықыластарын білдіріп, дұға-тілекке ортақтасып кету керек болса, оған азын-аулақ қаражат жұмсау жеткілікті еді. Бірақ, біздер барымызды шашып, дастарханды тойдан айырмашылығы жоқтай «гүлдетіп» жібереміз. Кісілердің назарын имандылыққа емес, дүниеге қызықтырып салып қоямыз. Нәтижесінде, ысырапшылықтың кесірінен берекесіздік келуі мүмкін. Осыны естен шығармағанымыз абзал.

Баззар және Табарани риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пенде қиямет күні төрт нәрседен сұралғанға дейін, оның табаны жылжымайды: оның өмірі, қалай өмірін өткізді, және жастық шағы, не нәрсеге оны қолданды, және мал-дүниесі, қайдан кәсіп қылды, әрі қайда жұмсады, және білімі, онымен не амал қылды», – деп, осы төрт амал міндетті түрде сұралатынын жеткізді. Бұл хадистен тақырыбымызға қатысты жерін алатын болсақ, тапқан мал-мүлкімізді қайда сарп еткеніміз жайлы, әрі осы жайлы шариғаттан білген білімімізге амал қылдық па, әлде жұрттың алдындағы атақ-абырой басым болды ма, осы жақтарынан сұраламыз.

Сондықтан да, ардақты ағайын, ысырапшылыққа еш жол бермеуіміз керек. Оны Алла тағала Құранда бірнеше аятта, сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше хадисінде қайта-қайта ескерткен. Тіпті, мына бір аятта Алла Тағала қатты ескертіп: «Шынында, ысырапқорлар – шайтанның туысы. Ал, шайтан Раббыңа өте қарсы», – дейді («Исра» сүресі, 26-27-аяттар). Демек, ысырапшылықтың қандай түрін жасасақ та, Аллаға қарсы шыққандай болады екенбіз. Алла бұдан сақтасын.

Асыра сілтенген ысырапшылықтың тағы бір түрі бар, ол – «түйе байлау», «бие байлау» деген сияқты түрлі «байлаулар». Кейбір өлкелерде осы үрдіс тұрақты қалыптасып, жаназасын шығарған молданың қанжығасына байлайды. Бұны ысырапшылықтың ең төресі деп айтсақ болады. Себебі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Жағфар (р.а) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйiне тамақ апарыңдар. Оның жанұясы шұғылданатын iс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)», – деп, өзгелердің ол қайғы болып жатқан үйге тамақ апаруына үндеген болатын. Басқа бір хадисінде қазалы үйде үш күнге дейін тамақ ішуден қайтарған. Мұның барлығынан қайғырып отырған үйге күш түспеуі үшін тыйған болатын. Ал, сондай қайғылы үйге күш түспеуі үшін жай ас беруге болмайтын болса, түйе байлау сынды сұмдық ысырапты қалай санаға сыйдыруға болады? Сондықтан, осы жағын бірлесіп тоқтатқанымыз жөн, ағайын.

Қабір, бейіт салу мәселесі

Байқап отырғанымыздай, жаназаға тиесілі үрдістердің барлығында түрлі кемшіліктер мен асыра сілтеушіліктер бар. Шариғатымыз бен дәстүрімізге сыймайтын істер жеткілікті. Сол сияқты кісіні бақилыққа аттандырып болғаннан соң да, тыныштық бермей, өз атақ-абыройымызды ойлап зәулім-зәулім бейіттер тұрғызып, жарысқа түсіп кеткендейміз. Бұл шариғатымызда түбегейлі тыйым салынған нәрсе. Мұның астында жатқан мәйітке зияны болмаса, еш пайдасы жоқ.

Бейіттің шариғи үкімі былайша болады: Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі – мұстахаб (таңдаулы, ең көркем амал). Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабірдің төбесін гипстеу немесе неше түрлі майлы нәрселер жағу – мәкрүһ (ұнамсыз, жағымсыз іс-әрекеттер). Қабір үстіне тас немесе ағаш, мәйітті белгілеу үшін ғана қойылады. Ал, мақтан үшін, байлығын көрсету үшін қою – харам (қатаң тыйым салынған күнә). Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді. Бірақ, сурет және мүсін қойылмайды. Міне, бұл шариғаттың бізге белгілеп берген жолы. Бұдан тыс жасалғанның барлығы ысырапқа алып келеді.

Мүтталіп ибн Әбу Уадаа (р.а.) риуаят еткен хадисте айтылады: «Осман ибн Мазъун (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүт анасы тарапынан ағасы) қайтыс болғанда, оның жаназасы оқылды. Жерленіп болған соң, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір кісіге тас алып келуді бұйырды. Ал, ол кісі тасты көтере алмай қайтып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі барып, жеңін түреді де, тасты алып келіп, мәйіттің бас жағына қояды: «Осылай ағамның қабірін белгілеймін. Жанұямнан кімде-кім қайтыс болса, оның қасына жерлеймін», – деген» (Әбу Дауд). Бұл хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адам жерленгенде оның белгісі қандай болу керектігін үлгі ретінде көрсетіп отыр. Ендеше, шариғатта үлкен күнә саналатын, дәстүріміз де құптамайтын зәулім бейіт салу үрдісін тоқтатуымыз керек. Осыған кеткен ақша сол марқұмның атынан қайырымдылыққа берілсе, нұр үстіне нұр болып, сауабы марқұмға да, сондай қайырлы іс істеген біздерге де жазылар еді.

Өлілерді тек арттарынан дұға жасау, олардың туған-туыстарына, дос-жарандарына сый құрмет көрсету арқылы разы қыла аламыз. Яғни сондай істеріміз арқылы оларға мол сауап жолдай аламыз. Тірісінде пайда беруі мүмкін болған мал-дүниеміз, дүние салғаннан соң қанша шашылып, сарай тұрғызсақ та, зияны болмаса, пайдасы тимесі анық. Сондықтан да, ой жүгіртіп, ақылға салып, өліге де, өзімізге де пайдалы іспен айналысайық.

Алла бізді Өзінің сүйікті құлдары қатарынан етіп, ысырапшылықтан сақтап, берекесін жаудырсын. Шайтаннан сақтап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен жүруді нәсіп қылсын. Әумин!

 

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы

бойынша өкілі,

«Ақмешіт-Сырдария» орталық

 

мешітінің бас имамы

Бөлісу: