29
Жұма,
Наурыз

һижри

Имамдар форумы – ел бірлігін нығайтуды көздеген маңызды қадам

Мақалалар
Жарнама

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласында «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбымен «Имамдар форумын» өткізді.

 

Еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы форумның ашылуы салтанатында сөйлеген сөзінде «Бүгін баршамызды исламның бірлік пен татулықтың діні екенін жаһанға жар салуға, дін бетпердесімен бүркенген радикализм мен экстремизмнің көріністерін айыптап, бейбіт тұрғынның берекетін қашырған оқиғалардан сабақ алсақ, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түссек деген ізгі ниет осы «имамдар форумында» топтастырып отыр» деп, осы берекелі бас қосудың маңызын атап көрсетті.

Айтулы шараның ең маңызды тұсы –  форум барысында «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі», «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» атты маңызды құжаттардың қабылдануы. 

Мүфти хазірет баяндамасында айтып өткендей, бұл құжаттар халыққа ислам дінінің дұрыс жолын көрсетіп, бағыт-бағдар беретін тұлға – имамдардың бет-бейнесін, тұлғасын жетілдіруге, жалпы елдегі діни ахуалды тұрақтандыруға бағытталған. Аталмыш  құжаттар өз уақытында қабылданып, халық арасында имамдардың да беделін арттырып, олардың діни, кәсіби тұрғыдан шыңдалуларына зор үлесін қосатынына сеніміміз мол.

Еліміздегі мұсылман қауымы , жалпы халқымыз үшін маңызды құжаттарды қабылдау шынында да Діни басқарма тарихындағы елеулі бастама болды. Форумның жұмысына қатысқан еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков пен республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев ағаларымыз және  Қырғызстан, Татарстан, Алтай, Омбы, Моңғолия дін басшылары,  осы маңызды қадам қазақ халқының бейбіт өмірді паш етуге деген қанында бар тектілік қасиетін тағы бір мәрте дәлелдеп отырғанына назар аударып, игі шараны ұйымдастырған Діни басқарма ұжымына алғыс айтып, баталарын берді.

Атап өткен жөн, Діни басқарма 2014 жылын «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аударды. Осы бағытта жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді.

Жамағатқа дәстүрлі Ханафи мазхабы имам Матуруди сенімі  негізінде әдет-ғұрыптың орны мен рөлін түсіндіріліп, салт-дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің мән-мағынасы жеткізілді.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзінің баяндамасында «заман өзгергенін, уақыт талабы тым басқа екенін және ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірі, адамзат санасының күн санап өзгеруі, Діни басқарма қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеп отырғанына» имамдардың назарын аударды. Өз баяндамасында адамзаттың 21 ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келіп отырғанына, жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісі белең алғанына алаңдаушылық білдірді. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп түсіндіретін күмәнді ағымдар мен радикалды топтардың жетегінен жастарды аман алып қалу, дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарушылар мен ашық түрде террорға көшкендерді тура жолға шақырды.

Расында да соңғы кездері дінге бет бұрдым деп, әдет-ғұрып салт-дәстүрге  де қырын қарап, ел ішін алатайдың бүлдіріп жүргендер жоқ емес. Осыны ескере отырып, дәстүрімізді жаңғырту жолында көптеген мәселелерге баса назар аударған Діни басқарма осы бағытта жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен тәлім-тәрбиені қалыптастыруға қоғамда жастармен жұмыс жүргізуге ерекше мән беруде.

Діни басқарма қабылдаған «Мұсылманның тұлғалық бейнесінде» «Мұсылманның міндеті – білім талап ету», – деп жазылыпты. Білім болғанда да, діни һәм заманауи білім. Дұрыс пайым. Өйткені сол білімсіздіктен кейбір жастарымыздың «анау дұрыс емес, мынау олай емес» деп жүргені.

Діннің тұнып тұрғын білім мен ғылым екені осы форумда баса айтылды. Ал білімді адам, парасатты кісі ешқашан басқаға зиянын тигізбейді.

«Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімінде: «Шынайы мұсылман – қоғамға пайдасын тигізуі керек», – деп көрсетілген. Шынайы мұсылманның  өзінше бөлек өмір сүрмегені, қоғамнан алшақтамағаны, өз еліне, халқына өзгелерге қарағанда екі есе пайдасын тигізуі керек екенін ұғындыруға жеткілікті түйін емес пе?

Қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына ауадай мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да мұсылманшылықтың асыл парызы.

Бүгінгі имам біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір имам қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттасын рухани көшбасшыға айналуы керек.

Шүкір, жиырма жылдан бері жұдырықтай жұмылған сол бірлігіміздің арқасында биікке көтерілдік, әлемге танылдық. Ендігі жерде оны өміріміздің мұратына айналдыру, жалғастыра беру жасына да, жасамысына да парыз. Ол үшін алдымен өзімізді өзіміз сыйлап, қадірлей білуіміз керек. Теріс пиғыл, жарамсыз әдеттерден, кері тартатын, елдің шырқын бұзатын жағымсыз мінездерден арылуымыз қажет.

Бұл ретте имамдар форумы халқымызды осынау игі мақсаттарға жетелейтіні сөзсіз. Өйткені, жиынға қатысушылардың форумнан түйген ортақ ойы осы болды. Көп тілегі қабыл болғай. 

Балғабек МЫРЗАЕВ,

Дін істері комитеті

Дінтану сараптамасы басқармасының

басшысы, т.ғ.д.

 

Бөлісу: