19
Бейсенбі, Қыркүйек

һижри

Әлемдегі ең қатерлі у қандай?

Мақалалар
Жарнама

«Жер бетіндегі ең қауіпті «У» қандай?» деп сұрақ қоятын болса лезде ойымызға оралатыны – шаянның немесе өрмекшінің уы, ал енді бірі жыланның уы деп жатады. Бірақ барлығының ойы ақиқаттан алыс болмақ. Шын мәнінде бұдан да өткен қатерлі «У» бар екен. Бұл ақпараттық у. Ақпарат ақылдың азығы іспеттес. Адамның сапалы тағамды таңдауы оның өзіне және ағзасына деген қарым-қатынасын көрсеткеніндей кез-келген ақпаратты да қабылдай беру оның өзіне әрі айналадағы адамдарға деген қарым-қатынасын сипаттайды.

Ақпараттық у - бұл әлемдегі жойқын күшке ие ең қатерлі қару екен. Бұның шындығы ретінде түрлі дәлелдер келтіруге болады. Сіздерге соның бірін келтіре кетейін.  Жапониядағы қазіргі заманның көрнекті ғалымы Масару Эмотосуды лезде қатырып қар ұшқынының суретін көре алатын бірегей микроскоп жасап шығарды. Масару Эмото ақпараттың судың құрамына әсерін зерттеуде бүкіл ғұмырын арнаған. Таң қаларлық жайт, Масару Эмотоның тәжірибе жасау барысында байқағаны егер құманға су құйып сыртына «өлім», «ауру», «жауыздық» секілді жағымсыз сөздерді жазып қойып суды лезде қатырса ұсқынсыз кристалдар пайда болады екен. Егер «бақыт», «иман», «рақым» деп жақсы сөздерді жазса таңғажайып кристалдар пайда болады екен.

Көркем сөз жақсылыққа жетелейді. Алла Тағала адам баласын көркем сөйлеп, ойын еркін жеткізерліктей қабілет берген. Дінімізде әрбір сөзге ерекше мән берілген. Сөздің арқасында адам Кәлимә шәһадат айтып мұсылман болады. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөз арқылы екі өмірдің бақытына жетелейтін тура жолға шақырды. Алланың  құзырынан келген ең алғашқы «оқы» сөзі Пайғамбарлықтың кілті болып ислам дінінің гүлденуіне алып келген. Сахабалар мен ансарлар Алланың бірлігіне шақыратын сөздерімен ислам мемлекетін құрған. Келісім сөздерімен мемлекеттер арасында келіссөздер жүргізген. Ал залым сөздердің кесірінен ел арасында келісімдер бұзылып талай қантөгістер болған. Жоғарыда айтып өткеніміздің барлығы адам өміріндегі сөздің маңыздылығын көрсетеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Адамдарға көркем сөз сөйлеңдер» (Бақара сүресі 83 аят)

Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде:«Жақсы сөз – садақа» деген. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Муслим, Иман 74) деп бұйырған. Яғни дініміз орынсыз сөйлеуге тыйым салады. Орынсыз сөйлеу, мағынасы жоқ әңгіме айту мұсылман кісінің иманын әлсіретеді. Хазірет пайғамбар (с.ғ.с.): «Адам Алла разы болатын бір сөзді әншейін айта салады да, сол себепті Алла оның дәрежесін көтереді. Ал, басқа бір адам Алла разы болмаған (кәріне ұшырататын) бір сөзді айта салады да, сол себепті Алла оны тозақтың түбіне лақтырады» (Бұхари, Риқақ, 23) – дейді.

Адамның айтқан сөздері мұсылман қоғамы мен мәдениетінің дамуымен тығыз байланысты болғандықтан біздің дініміз сөздің ізгі, еңселі, мәдени болу жағын ойластырады.

Сіздерге кезінде мыңдаған адамдар жасаған ғылыми тәжірибені айта кетейін. Бұл тәжірибені өздеріңіз де істеп оған көз жеткізсеңіздер болады. Егер піскен күрішті құтының ішіне салып біреуіне жағымсыз сөздерді жазып ал екіншісіне жақсы сөздерді жазып, белгілі бір уақытқа шейін қараңғы жерге қойсаңыз таңқаларлық нәтиже көресіз. Жағымсыз сөз жазылған құтыдағы күріш иістеніп, көгеріп жатса, жақсы сөздер жазылған құты сол қалпында сақталады.

 Ал енді назар аударайық адамның денесін 80% пайыз су құрайды. Егер де ішкі жан дүниеңізді ластағыңыз келсе онда көбірек жағымсыз сөздерді айтыңыз. Тек есіңізде болсын, сіздің ойыңыз амалды іске асыратын күш. Кешегі ойыңыз бүгінгі тұрған жеріңізге алып келгеніндей, бүгінгі ойыңыз ертеңгі күніңізге алып баруда. Ой – бұл  кедейлік, жалғыздық, қорқыныш, сәтсіздік, сондай-ақ қуаныш, бақыт, жетістік секілді жағдайға жетелейтін дән іспетті. Адамды уәзір ететін  де, қара бет қылатын да осы сөз.

 

Ерлан ӘЛМЕН

 

Бөлісу: