18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Қуаныш пен шаттыққа бөлеуші дін

Мақалалар
Жарнама

Ислам – адамзат баласын жақсылыққа бастайтын ең сенімді және берекелі мектеп. Бұл мектепке еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бүкіл өзекті жандар шәкірт бола алады. Осы мектепті дұрыс оқыған, дұрыс түсінген, білгенін дұрыстап іске асырған жан ертелі-кеш міндетті түрде бақытты болады. Өйткені Исламның көздеген ең түпкі мақсаты – адамзат баласын екі дүниеде бақыт құшағында шалқыту. Бұл мектептің сыртында жүргендер уақыт өткен сайын бағынан айрылып, барын жоғалта береді, жоғалта береді.


Иә, Ислам дінін бүгінде әркім әрқалай түсінеді. Ең өкініштісі, осынау асыл дінді ұстанушылардың теріс түсініктеріне қарай, оған ұмтылушылардан гөрі теріс айналып безушілер көбейіп барады. Алысқа бармай-ақ өзіміздің ғасырдан бері мұсылмандықтан нәр алып келген момын қазақтың өзі бүгінде Ислам деген сөзден шошынатын болды. Бұрынғы кезде қазақтың шұрайлы тілімен өрнектеліп уағыз айтылғанда, «Па, шіркін!» деп таңдай қағып отыратын халықтың бүгінгі ұрпағы діни әңгімеден ат тонын ала қашатын болды. Әрине, мұның өзіндік себептері бар шығар. «Анау болмайды, мынау болмайды» деп әр нәрсені тыя беретіндер, ата-анасына зекіп сөйлейтін «намазхандар», тазалыққа немқұрайлы қарайтын дәрет алушылар, ұлы діннің мазмұнын сақал мен балаққа апарып тірей беретіндер, бір отбасының мүшелері бір діннің үш-төрт ағымына бөлініп кетуі – санай берсек саусақ жетпейді.

Шындығында, Ислам дінінің асыл мұраты не? Құдіреті күшті Құдай адам баласын не үшін жаратқан? Олардан не талап етеді? Құран не үшін түсті? Пайғамбарлардың қызметі не? Тіршілік осы дүниеден кейін тамам бола ма? Міне, осы секілді бірталай сұрақтар талай жанның санасын санға бөліп жүргені жасырын емес.

Әсілінде, шыр етіп дүние есігін ашқан нәресте ә дегеннен-ақ Алла Тағаланың құдіретімен, мейірімімен танысады. Көзімізді ашсақ болды, төбемізді асыл анамыздың күлімдеген көзін көреміз. Маңдайымыздан сипаған жылы алақанын сеземіз. Қарнымыз ашса, анамыздың омырауынан тап-таза, жып-жылы, аппақ сүт біз үшін ағып тұр. Жылай қалсақ, жұбатушымыз дайын. Кірлесек шомылдырып, өссе шашымызды алып, арнайы бір кісі бәйек болып жүр. Мұның бәрі де әрине кездейсоқ болып жатқан дүниелер емес. Жасаған иеміз жіберген ұлы діннің талаптары. Бұған илану үшін ақылдан өзге ештеңе қажет емес. Сол үшін Алла адамға ақыл берген. Ал ақылы толысып, балиғатқа келген соң Құдайдың сөзі – Құранды оқып, Пайғамбарлардың соңына ілесу, иманды күшейіп, мұсылмандықты кемелдендіру – негізгі міндет саналады. Түптеп келгенде, Исламның негізгі мақсаты – адам баласын екі дүниеде рахатқа бөлеп, бақыт пен шаттыққа қауыштыру.

Ал енді осы мақсатқа жетудің механизмін қасиетті Құранның мына аятынан ұғынамыз: «Мен адамзат пен жындар әлемін тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят).

Бұл аятты әйгілі тәпсірші Ибн Аббас «Мені танып-білсін» деп тәпсірлеген болатын. Ендеше, бақытты болудың негізгі тетік-сырларының бірі – бізді жоқтан бар етіп жаратқан, бүкіл ғаламға билігі жүріп тұрған, Құдіреті шексіз Алла Тағаланы танып-біліп, Оның құдіретіне таң қалып, шариғатына бойұсыну болып табылады.

Анықтап қарасақ, бұл аятта да, жалпы Құран мазмұнында да адамдар өтірік-өсек айтсын, зина жасасын, пара жесін, қан төксін, бүлік шығарсын, ұрлық-зорлықпен айналыссын, біреуді біреуге айдап салсын деп жараттым делінбеген. Ата-анасына зекіп сөйлесін, туыстық қатынасты үзсін деген де мән жоқ. Ендеше, бұл аталғандар құлшылыққа жатпайды, адамды екі дүниеде бақытты да етпейді. Ал енді тағы бір аятта мынадай бұйрық бар: «Аллаға құлшылық жасаңдар, оған ешнәрсені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңа, жақын туыстарыңа, жетімдерге, жарлыларға, туыстығы жақын көршілеріңе, жамағайын көршілеріңе, (сапарлас, сабақтас) жан жолдастарыңа, жолаушыларға, қолдарыңдағы құл мен күңдерге жақсылық істеңдер. Алла тәкәппар, мақтаншақтарды жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 36-аят). Міне, бұл аятта айтылған істер құлшылыққа жатады және орындалған жағдайда адамды екі дүниеде бақытты етеді. Ислам дінінің кереметтігі осында. Бұл - бір ғана аяттың хикметі. Осы аталған істерді жасамай-ақ шаттыққа бөлініп жүрген бір кісі көрсете аламыз ба? Жоқ, бұларды орындамаған адам материалдық тұрғыдан бай-манап болуы мүмкін, бірақ бәрібір шынайы шаттыққа қол жеткізе алмайды.

Сондықтан Ислам дінін Жаратушы Раббымыз құлдарын бақытты ету үшін жіберген деп анық айта аламыз. Бірақ сол бақыттан ат тонын ала қашып жүрген қаншама замандастарымыз бар. Арақ ішпе делінсе де, ішеді. Пара алма делінсе де алады. Ұрлық жасама делінеді, жасайды. Сол секілді ағайын-туысыңнан бөлінбе десе де, бөлінеді. Содан соң отбасымда бақыт жоқ, жүрегім тыныш емес, жолымыз жабылып қалды деген секілді мың сан шағымдар шығады. Бұл айтылғандар жеке адамдық, отбасылық деңгейдегі сөздер. Ал елдік, мемлекеттік, халықаралық тұрғыдан алсақ та, талап осы. Өзінің елін, біреудің жұртын қан қақсатып, зар илетіп, қанын төгіп жүріп ешбір мұсылман бақытты бола алмайды.

Бейбіт шақ былай тұрсын, соғыс жағдайында да Ислам озбырлық әрекеттерге жол бермейді. Айталық, соғыста әйелдерді, жас балаларды, соғысқа қатыспаған қарт кісілер мен ешкіммен шаруасы жоқ монахтарды өлтіруге қатаң тыйым салды. Өсіп тұрған ағаштар мен егін алқаптарын өртеуге, түйе, сиыр сияқты малдарды өлтіруге, әр түрлі өзге діннің ғибадатханаларын қиратуға жол бермеді. Дұшпан әскерлерінің өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кесуге де қатаң тыйым салды. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасады: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер».

Пайғамбарымыз (с.а.у.) тіпті өзіне қарсы соғысып жатқандарды қарғыстауы былай тұрсын, оларға «Алла Тағалам, олар Сенің құлдарың, біз де Сенің құлдарыңбыз...», «Алла Тағалам, олар білмейді, Сен оларды кешіре гөр!» деген сияқты игі тілекте болған.

Қысқарта айтқанда, Ислам діні адам баласын бақытты ету үшін жіберілген. Бұл бақытқа қол жеткізу үшін асыл дінімізді дұрыс танып-біліп, дұрыс іске асыруымыз міндет. 

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,

филология ғылымының кандидаты, дінтанушы

«Асыл сөз media» шағармашылық бірлестігінің директоры

Бөлісу: