29
Жұма,
Наурыз

һижри

Адал ас айтылған аяттар

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Адам өмірінде адал астың орны ерекше. Оған ықтиятты болу ол аса маңызды іс. Құранда адал мен арам мәселесі жайында не айтылған?! Алла тағала бұл жайында былай дейді:

 

يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُواْ مِمَّا فِي الأَرْضِ حَلالاً طَيِّبًا

«Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер»(«Бақара» сүресі,168 аят).

فَكُلُواْ مِمَّا رَزَقَكُمُ اللّهُ حَلالاً طَيِّبًا وَاشْكُرُواْ نِعْمَتَ اللّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ

«Алланың сендерге берген ризығының халал, тазасынан жеңдер. Сондай-ақ егер Оған ғана құлшылық қылатын болсаңдар, Алланың нығметіне шүкіршілік етіңдер». («Нахыл» сүресі, 114-аят)

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُحَرِّمُواْ طَيِّبَاتِ مَا أَحَلَّ اللَّهُ لَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُواْ إِنَّ اللَّهَ لاَ يُحِبُّ الْمُعْتَدِين.وَكُلُواْ مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلالاً طَيِّبًا وَاتَّقُواْ اللَّهَ الَّذِيَ أَنتُم بِهِ مُؤْمِنُونَ

«Әй, мүміндер! Алланың сендерге халал еткен жақсы нәрселерді харам етіп, шектен аспаңдар. Шынында Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді. Және Алланың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер. Сондай-ақ өздерің иман келтірген Алладан қорқыңдар». («Мәйда» сүресі, 87,88-аяттар)

Алла тағала былай бұйырады:

  يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا  

«Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі іс істеңдер», - деп бұйырған. («Мүминун» сүресі, 51-аят). Мәфәтиху әл-ғайб кітабында Фаһруддин ар-Рази: «Бұл аят пайғамбарларға қарата айтылғанымен мүміндерге де тікелейқатысты болып табылады. Аяттың құрылымына мұқият мән берер болсақ, мынадай мағына шығады. Игі іс істеу үшін алдымен жеген асыңның адалдығына мән беруің керек. Себебі аятта игі іс жасаңдар деген бұйрықтың алдында адал, таза ризықты жеңдер нұсқауы бар» деген. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Дұғаларың қабыл болсын десеңдер, халал әрі таза аспен қоректеніңдер», - деді.

Отбасын халал ризықпен асырау маңызды іс. Алла елшісі (с.ғ.с.):

مَنْ سَعَى عَلَى عِيَالِهِ مِنْ حِلِّهِ فَهُوَ كَالْمُجَاهِدِ فِي سَبِيلِ اللهِ

«Кім өз отбасына халалдан жеткізуге тырысып бақса, ол – Алла жолында күресуші тәрізді», - деді. Суфиян Саури: «Аллаға бойсұну ісіне харамнан бір нәрсе жұмсалуы – лас киімін несеппен (зәрмен) тазартқан кісі іспетті. Ал, нәжіс киімді су ғана тазарта алатыны сияқты күнәні тек қана халал нәрсе жуып шаяды», - деп айтқан.

Алла елшісі (с.ғ.с.) астың адал болуын мұсылмандарға былай жеткізеді:

وَاجِبٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ طَلَبُ الحَلَالِ   

«Адалды іздеу – әрбір мұсылманның міндеті». Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

اَلْعِبَادَةُ عَشَرَةُ أَجْزَاءٍ : تِسْعَةٌ مِنْهَا فِي طَلَبِ الْحَلالِ ، وَجُزْءٌ فِي صِيَامِ النَّهَارِ ، وَقِيَامِ اللَّيْلِ

«Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы – халал рызық-несібе табудан тұрса, бір бөлігі – күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқу», - деп харам-халалға өте мұқият болудың маңыздылығына назар аудартады. Басқа да көптеген хадистерінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) табыс табу үшін ақ адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) даналыққа тұнған хадистерінің бірінде: «Кейбір күнәларға намаз да, ораза да, қажылық та кәффәрат (өтем) бола алмайды. Ондай күнәлар тек ақ адал маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешіріліп, тазарынуы мүмкін», - деген еді. Енді бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Еңбек етуден қолдары күстенген, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады», - деп адал еңбекқорларды сүйіншілейді.

Халал адамға қалай пайда әкелсе, харамның да сондай зияны бар. Әбу Һұрайра (р.ғ.) жеткізген мына хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген:

يَأْتِي عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لا يُبَالِي الْمَرْءُ مَا أَخَذَ مِنْهُ أَمِنَ الْحلالِ أَمْ مِنْ الْحَرَامِ"

«Адамдарға кісі өз тапқанының халал ма әлде харам ба екеніне көңіл бөлмейтін бір заман келеді». Қазіргі таңда айналаға көз тігер болсаңыз, кейбір адамдардың қандай жолмен болса да, халал-харамына қарамай, дүние жинау жолына түскенін байқайсыз. Абдулла ибн Аббас (р.ғ.) айтады: «Ішінде харам болған кісінің Алла намазын қабыл етпейді». Әли ибн Әбу Талиб (р.ғ):«Шын мәнінде дүниедегі оның халалы – есеп, ал харамы – азап болып тиеді», - деу арқылыадал іс пен нәрсенің  екі дүниеде де есеп-қисапсыз жақсылық болып, ал арамның екі дүниеде азап болып оралатынын ескертті.

Адам ішіп-жейтін нәрселерінің діни тұрғыдан халал, таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беруі керек. Ибраһим Әдһам: «Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қадам баспақ», - деп айтқан екен. Ісіміз оң болсын десек, асымыздың адалдығына ден қоялық.

Әзірлеген Әділхан Серікбай,

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Бөлісу: