26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Түзеу мекемесінде түйіткілді тақырып тарқатылды

Мешіт тынысы
Жарнама

Таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, орталық мешіттің наиб имамы Әділхан Серікбай мен «Астана» медресесінің ұстазы Айбек Омаров Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/5 түзеу мекемесінде болып, жазасын өтеушілермен кездесу өткізді.

Аталған кездесу барысында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде өмірде жаза басып, қателікке ұрынбайтын жанның жоқтығын айта келіп, олардың ең жақсысы жасаған қателігін түсініп, сабақ алу екенін шариғат аясында шарықтап берді. Сонымен қатар, еліміздің тыныштықта, халқымыздың береке-бірлікте ғұмыр кешіп, асыл дініміз исламның өркендеп-дамуында айрықша маңызға ие тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жайында айтып өтті. Қолда бар бақытты бағалап, қадірлеу әрбір азаматтың Отан алдындағы перзенттік борышы. Ол үшін әр адам өз кәсібі мен еңбек жолында аянбай тер төгуі керек-ақ. Ел алдындағы ер азаматтардың атқарар міндеттері мен жауапкершіліктерінің дәл осындай  жоғары боларын ескерткен наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жазасын өтеушілерді сенімге селкеу түсірер жат ағымдардан іргені аулақ салуға шақырды.

Айта кетейік, бұл кездесуде наиб мүфти жазасын өтеушілер арасында діни бағыты дәстүрлі Исламнан ауытқыған бірнеше азаматтармен де жеке-жеке сөйлесіп, сұхбаттасты. Оларға діни басқарманың бағыт-бағдарын түсіндіріп, діни таным-түйсігіне қозғау салар кеңесін берді.

Жазасын өтеушлермен өткен жүздесу соңы ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының атынан жайылған ақ дастарханға жалғасты. Мән-маңызы зор жиынға ұйытқы болған дін өкілдеріне түзеу мекемесінің басшылығы өз тараптарынан ерекше ықылас-ниеттерін білдіріп, алғыс айтты.

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: