ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Астана қаласының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті жұма күні «Шейх Кунта» мешітінде болып, жергілікті жамағатпен жүздесті.
Жұма намазын өткізген наиб мүфти Н.Тағанұлы алдымен «Ұяты бардың иманы бар» тақырыбында қазақ және орыс тілдерінде уағыз жүргізді. Кез келген мұсылманға, тіпті үлкен-кішіге жарасатын нәрсе және пенденің адами құндылығын көтеретін ұят ұғымы екенін хадистер шеңберінде түсіндірді. «Әрбір діннің өзіне тән мінез-құлқы бар, Ислам дінінің мінезі – ұялу» делінген хадиске терең тоқталған шаһар бас имамы ар-ұят – адамдардың кішіпейілдік сияқты асыл мінезге бойсұнып, тәкаппарлықтан бойды аулақ ұстауды да аңғартатындығын айтты.
«Еліміз экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар рухани жағынан да қанат жайып келе жатқан мемлекет. Міне, соның бірі ретінде «Шейх Кунта» мешітін атай кетсек болады. Ашылғанына бес жылға жақындады. Аз уақыттың ішінде қаншама мұсылман бауырлар осында Құран жаттап, намаз оқып үйренді. Ұлт-ұлысқа бөлінбей, барлығыңыз бір сапта иық тірестіріп, құлшылық жасаудасыздар. Жер бетіндегі және еліміздегі мешіттер тек құлшылық орны ғана емес, күллі адамзат баласын бірлікке үндейтін рухани ошақ», - деді наиб мүфти сөзін қорытындылап.
Намаздан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы жамағаттармен жеке-жеке қабылдау өткізді. Әрбір жамағаттың мұң-мұқтаждығын мұқият тыңдап, арыз-шағымдарын қабылдап, қажеттіліктерінің өтелуіне қолдау көрсететуге дайын екенін жеткізді. Мұнан өзге сол аймақтың байырғы тұрғындары, мешіттің тұрақты жамағаты болып табылатын шешен-ингуш ұлтының ақсақалдары наиб мүфтидің қабылдауында болып, емен-жарқын пікір алмасты.
Олар мешіт қызметінің ісіне көңілдері толатындығын жеткізе келе, жат ағымның жетегінде кеткен кей отандастардың жай-күйіне қынжылыспен қарап, алаңдайтындығын сөз етті. Наиб мүфти Н.Тағанұлы ҚМДБ жанындағы пәтуа бөлімі, ғұламалар кеңесі секілді бөлімдердің жамағаттарды жат ағымның зиянынан сақтау үшін тынымсыз жұмыстануда екенін айта келе, үнемі имамдармен тығыз қарым-қатынаста болып, жамағаттың ынтымағына күш жұмсауға шақырды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі