27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Бас құжаттар имамдар семинарында талқыланды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін Елорданың айшықты құлшылық үйі «Әзірет Сұлтан» мешіті конференц-залында имамдардың біліктілігін арттыру семинары өтті. «Форум жүктеген міндеттер – дін қызметін жетілдірудің алғышарты» атауымен өткен жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Жалпы және жастар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан және ҚМДБ-ның Астанадағы өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

Семинар шымылдығын ашқан Наурызбай қажы Тағанұлы бүгінгі жиынның маңыздылығына тоқталып өтті. «Бас мүфтиіміз Ержан хазрет Малғажыұлы әрдайым асыл дінімізді өркендету жолында тың бағыт, соны серпін беріп отыратыны баршаларыңызға мәлім. Бүгінде ҚМДБ бекіткен бағыт-бағдарлардың арқасында республика мешіттерінің жұмысы алға басып, зор жетістіктерге жетуде. Осы орайда жуырда ел тарихында тұңғыш рет республика көлемінде өткен Имамдар форумын айтуымызға болады. Ондағы қабылданған құжаттар ҚМДБ алға қойған бағыттың айқындығын айғақтайды» деді өкіл имам.

Естеріңізге сала кетсек, ақпан айында ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен өткен Тұңғыш имамдар форумында ел мұсылмандарына, дін қызметкерлеріне бағыт-бағдар болар «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынай мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» сынды маңызы зор құжаттар қабылданған еді. Астана имамдарының семинары көтерген тақырып та осы тәлімдік құжаттарды талқылау, халық арасында насихаттау жайы болды. Бұл жайында аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев өз ойын ортаға салды. «Еліміздің дін саласының жаңа даму белесі іспеттес айтулы форумда қабылданған құжаттар әрбір мұсылман баласы, әр дін қызметкері үшін басты бағытқа айналуы тиіс. Сіздер халық үмітін, ел сенімін арқалаған қызметтесіздер. Ел дін қызметкеріне қарап, сіздерден үлгі, насихат алып, бой түзейді. Білім мен біліктілік мәселесі әр дін қызметкерінен талап етіледі. Бас мүфтиіміз бұл жайында «Әрбір имамның кемі бес шәкірті болуы керек» деп баса айтып кеткенін білесіздер. Осы ҚМДБ көрсеткен бағыт пен құжаттарда айтылған мақсат-мүдделерге лайықты қызмет қылайық» деді аппарат басшысы.

Мұнан кейін Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Ағыбайұлы мен Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» құжаттары жайында баяндап, ел имамдарына жүктелер міндеттер турасында сөз қозғады.

«Бұл құжаттар біздің бүгін ашып отырған жаңалығымыз емес. Имам Матуруди сенім жүйесі мен Ханафи мектебі бүгін пайда болып, енді қалыптасқан бағыт емес. Арысы осы аталған ғалымдардан басталып, берісі кешегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бабаларымыздан жеткен дәстүрлі діни бағытымыз. Алланы бір, пайғамбарын хақ деп таныған қазақ жұртының ғасырлармен қалыптасқан дәстүрлі дінінің негіздеріне сүйене отырып, қазіргі уақытта басты бағытымызды, құжатымызды айқындап алу – заманның талабы болып отыр. Біз – бабалар аманат еткен жолдың жалғастырушы ізбасар ұрпағымыз. Бұл қызметтік міндетіміз ғана емес, бұл кешегі қайсар бабаларымыз бен келешек ұрпақтың алдындағы аманатымыз, атқаруымыз қажетті міндетіміз» деп Ершат Оңғаров, тұғырнама турасында баяндама жасады. Ал дін қызметкерінің этикасы, қызметтік парызы жөнінде Алтынбек Ұтысханұлы кесімді пікір, байламды ойларын айтты. Дін қызметінің жауапкершілігі ауыр, міндеті мол қызмет екенін айтып, халыққа, Хаққа қылар қызмет жолында адал болуға шақырды. Семинар соңында ҚМДБ басшылары форум құжаттарында көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындап, халыққа насихат етуді тапсырып, дін жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

 

 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: