29
Жұма,
Наурыз

һижри

Қадір түнін құлшылықпен қарсы алды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бір Аллаға сыйынып, құлшылыққа құлшыныспен қарап, күндізін оразамен, түнін ғибадатпен өткізген барша ел мұсылмандары үшін Қадір түнінің орны айрықша. Бұл күні республиканың әр өңірінде жұртшылық мешітке жиылып, қасиетті түнді құлшылықпен, дұға-тілекпен қарсы алады. 

"Нұр Астана" орталық мешітіне осындай ақ ниет, ізгі мұратпен қадам басқан халық санында есеп болмады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы елорда тұрғындары мен қала қонақтарына осы түннің асыл шариғатымыздағы мән-маңызы мен қадір-қасиеті туралы айтып берді. Қалың көпшілік бас имамның ислам діні жайында тұщымды насихатын көңіл қойып, ықыласпен тыңдады.

"Қадірменді ағайын, қадірлі мұсылман бауырлар. Сағына, сарыла күткен қасиетті Рамазан айы да соңына таяды. Сауаптар еселеніп, Алланың алдында жүзімізді жарық ететін мүбарак айда біз қаншалықты құлшылық еттік, қандай жақсы іс, сауапты амал атқардық?! Өз-өзімізге есеп беріп, жүректеріміздің кірбіңін тазартып, рухани кемелдікке ұмтылу үшін бізге берілген ең үлкен мүмкіндік осы Рамазан айының еншісінде. Әсіресе, соңғы он күні барша адам баласының бір жылдық тағдыры белгіленетін Қадір түнінің болуымен ерекшеленеді. Бұл айда Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімді түсірді. Құранда бұл жайында "Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай" деп баяндалады. Алла бізді өзінің хақ жолынан жаңылдырмасын, еліміз еңселі, жеріміздің тыныш, халқымыздың ынтымақ-берекеде болуын нәсіп етсін. Елбасымызға, ел басқарып жүрген асыл азаматтарымызға амандық-саулық берсін. Баршамыздың дұға-тілектерімізді қабылдыққа жазып, дін исламға күш-қуат берсін" деп наиб мүфти Қадір түнінде дұға жасады. 

Қасиетті айдың құрметіне Астана мешіттерінде басталған тарауих намаздарында Құран Кәрімді хатым ету де ерекше қалыптасқан үрдіс. Бұл кеште Құранның отыз парасы толықтай оқылып, хатым дұғасы жасалды. Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тәуелсіз Қазақстанның баянды болашағын, бейбітшілігіміздің тұрақтылығы мен тыныштығын, халықтың ауызбіршілігі артып, мұсылманшылығына мығым ел болуын сұрап, дұға етті. 

Бұл айда оразаны шынайы ықыласпен ұстап, құлшылық жасаған, Қадір түнін кәміл сеніммен сауапты үміт ете күткен жанның өткен-кеткен күнәлары кешіріледі. Сондай-ақ, жер бетіне ұсақ тастардан да көп болып түсетін періштелер таңға, яғни мұсылман қауымы намазын орындағанға дейін салауаттар жолдайды. Мешіт имамдарының қасиетті Рамазан айы мен Қадір түні хақындағы ұлағатты уағыздарынан соң жұртшылық нәпіл құлшылықтарын орындады. Ал таңғы сәресі уақытында орталық мешіт алаңында 3 мыңнан аса адамға ас берілді. 

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айында мешітте тарауих намазын жүргізіп, Құран хатым еткен Ерсін Әміре, Бауыржан Есмырзаев, Әділхан Серікбай қариларға құрмет көрсетіп, халықтың ықылас-ниеттерін жеткізді. Қазақы салтқа сай шапан жауып, арнайы Алғыс хаттар табыстады. 

Түн түндігін түрген сәттен таң шапағы кіргенге дейін құлшылық етіп, тілектес, ниеттес болған көпшілік көңілдің көзін осылайша ислам шуағымен ашып, үйді-үйге тарасты. 

 

 

 

 

 

"Нұр Астана" орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

 

Бөлісу: