22
Жұма,
Қараша

һижри

РАНТ мүшесі әскери бөлімде кездесу өткізді

Мешіт тынысы
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақ топырағындағы дәстүрлі ислам діні мен салт-санамызды жаңғырту, дінді дәстүрмен қатар насихат етіп, дәріптеу мақсатында бірқатар ауқымды шараларды, іргелі жобаларды қолға алған еді.

Бүгінгі күннің еліміздегі және әлемдік деңгейдегі өзекті мәселесі болып отырған ислам атын жамылған жат ағымдармен күрес жүргізуде ҚМДБ да белсенді жұмыстар атқаруда. ҚМДБ тарапынан құрылған Республикалық ақпараттық насихат топтары да осы мақсатта өңірлерде іссапар жасап, ел-жерде насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Қоғамның түрлі қатпарында, білім ошақтарынан бастап, әлеуметтік-мемлекеттік, медициналық және түзеу мекемелерінде танымы терең ғалымдардың қатысуымен дін ислам тақырыбында кездесулер, семинар-тренингтер және жалпақ жұртшылықпен жүздесулер өткізілуде. Бүгін Астанаға арнайы ат басын бұрып отырған білікті теолог исламтанушы ғалымдар Арман Қуанышбаев пен Нұрмұхаммед Иминов те осы үдеден шығуды көздеп, бірқатар мекемелерде кездесулерге қатысты.

ҚМДБ-ның жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы-ғалым Арман Қуанышбаев бүгін ҚМДБ-ның «Хикмет» телерадио студиясында сұхбат берді. Танымал теологтың Ислам дініндегі өзекті мәселелер тақырыбында келелі  кездесуі бүгінгі кеште ақшам намазынан соң «Нұр Астана» орталық мешітінде жалғасын табады. Ал РАНТ-ның белді мүшесі, Алматы орталық мешітінің наиб имамы Нұрмұхаммед Иминов Астана қаласындағы 0112 әскери бөлімінде әскери қызметкерлерімен кездесу өткізді. Н.Иминов «Отанды қорғау - иманнан» тәмсіліне сүйене отырып, ел іргесінің берік, қоғамның тыныш, бейбіт те берекелі күн кешуі ауызбіршілікте екенін жеткізді. Қазіргі уақытта дінді дүдамал ағымның айтуымен ұғынатын кейбір жастардың Отан алдындағы борышты қорғаудан, әскери, қала берді азаматтық міндеттен бас тартуы мұсылманға тән сипат еместігін айтып, Отан мен иман арасы ажырамастай ұғым деді.

Дін ғалымдарының алдағы төрт күнде қала мешіттерімен қатар, әртүрлі әлеуметтік орта мен мекемелерде салиқалы сұхбат құру жоспарланған.

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: