Бүгін мамырдың бірі – Қазақстан халқы бірлігі мерекесі. Бірлік мерекесіне сәйкес келген қасиетті жұма күні Республикалық ақпараттық-насихат тобы мүшелері Арман Қуанышбаев пен Нұрмұхаммед Иминов «Нұр Астана» және «Кунта қажы» мешіттерінде «Дінаралық достық, ұлтаралық татулық пен сыйластық» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Дін мамандары ел бірлігі, ұлттар мен ұлыстардың татулығы туралы шариғат аясында мазмұнды уағыз айтты.
РАНТ мүшелері Ислам ұғымының өзі бейбітшілік пен татулықты, ынтымақ пен келісімді білдіретінін жеткізіп, мұсылман үмметі үшін бірлік – басты мәселе әрі міндет екенін баса айтты. «Бірліксіз тірлігіміздің оңалмасын әрбір мұсылман жадында ұстауы ләзім. Ықылым заманнан бергі адамзат игілігі үшін келген барша пайғамбарлар тек қана жақсылыққа, татулыққа, бірлікке үндеп өткен. Бірлігімізге берік болмасақ мына мешітте бір қатарға тізіліп намаз оқуымыздың мәні шамалы. Дәл осы қатарда тұрып, бір Аллаға құлшылық еткен мұсылман үмметі дүние тіршілігінде де жұмылған жұдырықтай бір болуы керек» деді Арман Қуанышбаев.
Белгілі исламтанушы уағызынан соң Елорда жұртшылығы жұма намазын оқыды. Онан соң ел мен жердің амандығын тілеп, Жаратқанға дұға жасады. Бірлігі мен берекесі, ырыс-ынтымағы тасыған елдің болашығының баянды болуын сұрады. Мереке күні қасиетті жұмаға жиылған жұрт әдеттегіден де көп болды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі