18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

ҚМДБ: Орталық Азия ғұламалар форумының ҮНДЕУІ қабылданды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Алматыда өтіп жатқан Орталық Азия ғұламаларының халықаралық форумында бірауыздан Үндеу қабылданды. Үндеу мәтінімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров таныстырды. Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан ғалымдары қабылдаған Үндеудің толық нұсқасын төменде жариялап отырмыз.

Орталық Азия халықтарының басым көпшілігі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата діні – Исламды саналы түрде жүрек қалауымен қабылдады.

Байтақ даланың тұрғындары рухани негіздерін Исламнан тауып, діннің адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіріп, өздерінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын байыта түсті.

Орталық Азия – Исламның таралу аймағы ғана болып қалған жоқ. Сонымен қатар, баршамызға ортақ тарихи дініміздің даму, өркендеу орталығына айналды. Орталық Азиядан шыққан имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбу Насыр әл-Фараби Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұни сынды ғұлама-ғалымдар, ойшылдар әлемдік Ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Осылайша Орталық Азияда исламдық дәстүрлі ағарту мектебі қалыптасты.

Әлемдік ойшылдарымыздың тұлғалары мен олардың орасан еңбектері күллі мұсылман үмбетінің мақтанышы болды. Бүгінде дүниежүзі мұсылман ғалымдары бізді, Орталық Азия мұсылмандарын сол ұлы ислам ғалымдарының тікелей ұрпақтары деп санайды. Бізге берілген бұл мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.

Біз Ислам және бейбітшіліктің – егіз ұғым екенін айтудан және осынау ұлы ұғымдарды ұрпақ санасына сіңіруден ешқашан жалықпауымыз қажет.

Бүгінгі форумның негізгі идеясына айналған Орталық Азиядағы мұсылман үмметінің құндылықтарын жандандыру бастамасын құптаймыз. Осы ретте барша мұсылманды орта жолды ұстануға, дін атын жамылып, соқыр сенімге жетелейтін, дінді озбырлық әрекеттер мен саяси және жеке мүдделер үшін пайдалануды көздейтіндерге ілеспеуге шақырамыз.

«Бейбітшілік», «есендік», «амандық» сынды ұғымдарды білдіретін «Ислам» сөзін зорлық-зомбылық әрекеттермен, террористік шабуылдармен байланыстыруды мақсат тұтқан топтардың іс-амалдарын қатаң айыптаймыз. «Ислам тек қылышпен таралды», – деген негізсіз айыптаулар мен пайымсыз пікірлерді жоққа шығарамыз және бұған жол бермейміз. Ислам – Алла разылығын көздейтін, бейбіт, ізгі қоғам құруды мақсат тұтатын соңғы дін. Күш қолдану мен өшпенділікке жол беру – Исламға жат.

Орталық Азия мұсылмандарының діни жолы – Әбу Ханифа мен Мәтуриди мәзһабы. Ханафи мен Матруди мәзһабы өзінің діни-құқықтық мәртебесін сақтай отырып, дінде шектен шығушылардың тегеурінді озбырлық әрекеттеріне төтеп бере алады.

Біз, Орталық Азия бас мүфтилері, ғұламалар, форумға қатысушылар барша Ислам ғалымдарын, сарапшыларды, мұсылман үмметін ортақ мәзһабымыздың мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнатуға, террористік әрекеттерге тосқауыл болуға, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихатталуына, тарихи дінімізді келесі ұрпаққа дұрыс жеткізуге, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді үлес қосуға шақырамыз.

Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан бас мүфтилері мен ғұлама-ғалымдары қатысты

Алматы қаласы 30 қазан 2015 жыл


ummet.kz-ақпарат 

 

 

 

Бөлісу: