29
Жұма,
Наурыз

һижри

Астанада Мәуліт мерекесі тойланды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Кеше еліміздің астанасында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айына орай ұйымдастырылған Мәуліт мерекесі болып өтті. ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен өткен рухани кешке елімізге белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, мұсылман мемлекеттерінің елшілері, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты.

Ауқымды залда бірде-бір бос орынның болмауы адамзаттың асылы болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға деген халықтың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігін аңғартқандай.

Кеш басталмай тұрып ерте келген елордалықтар «Қазақстан» концерт залының ішін көтеріңкі көңіл-күйге толтырды. Бір-бірін Мәуліт мерекесімен құттықтап, мәре-сәре болған жамағатқа ұйымдастырушылар арнайы гүл шоқтарын таратып, қуаныш көрігін қыздыра түсті. Бұдан бөлек, ҚМДБ-ның биылғы жылы атқарған жұмыстары жайлы жасалған ақпарат тақтасының да қонақтар үшін орны бөлек болды. Діни басқарма жұмысымен жақынырақ танысып, мәліметке қаныққан кейбір жандар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп жатты.

Кеш шымылдығы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құттықтау лебізімен ашылды. Мәуліт мерекесінің мән-маңызы жайлы айтып өткен бас мүфти сөзінің кеш қонақтары үшін пайдасы ерекше болды. Дінбасымыздың дәйекті сөздері рухани кеш қонақтарының сәл де болса білімін арттырып, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктерін оятуға септігін тигізері сөзсіз.

Естеріңізде болса, ҚМДБ-ның жанынан құрылған «Хикмет» телерадиостудиясы сәуір айында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай деректі фильмдерін байқауын жариялаған болатын. Салтанатты кеш барысында осы байқауға төрелік еткен әділқазылар алқасының төрағасы Намазәлі Омашев ағамызға сөз беріліп, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті. Байқаудың бас бәйгесіне «Бақорда» студиясының Қалжан ахун жайында дайындаған тарихи фильмі лайық деп танылып, 1 000 000 теңге сертификаты табыс етілді.

Бұдан соң сахна төріне көтерілген белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин «Пайғамбарға (с.ғ.с.) арнау» айтып, жұрт қошаметіне бөленді. Құрмаш Маханов, Ерлан Рысқали, Сержанәлі Әлібек және «Хира» тобы сынды жезтаңдай әншілер мен «Тағылым тамшылары» атты діни-рухани балалар театрының орындауындағы діни әндер мен тағылымды жырлар жұртшылықты бірде ойға батырып, бірде шабыттандыра түсті. Кеш көрігін «Өнер қырандары» театрының қойылымдары да қыздыра түсті. Көрерменді ойға салып, шүкіршілік етудің, достықтың қадірін жете түсіндірген және Ардақты Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббатын арқау еткен қойылымдар көзге еріксіз жас үйірді.

Кеш соңында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы жайлы Мәуліт жыры оқылып, көрермендердің қосылып айтып отыруы үшін экраннан салауат мәтіні беріліп тұрды. Рухани кештен ерекше тебіреніп, толқып шыққанымыз сонша екі жарым сағаттың қалай тез өтіп кеткені де байқалмапты. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махабатымыз артып, маздаған көңіліміз Астананың аязын да елер емес.

Суреттерді ФОТОРЕПОРТАЖ айдарынан көре аласыздар!


 

Muftyat.kz

Бөлісу: