30
Сәрсенбі,
Қыркүйек

һижри

Бас мүфти Алатаудағы мешіттің ашылу салтанатына қатысты (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Алматы қаласы Алатау ауданындағы «Дархан» ықшам ауданында 500 орындық жаңа мешіт ашылды. Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров, сондай-ақ, имамдар, медресе шәкірттері және жергілікті тұрғындар қатысты. Бұл туралы Muftyat.kz хабарлады.

Игі шара ҚМДБ наиб мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлының қасиетті Құран Кәрімді оқуымен басталды. Бас мүфти құттықтау тілегінде мешіттің үлкен мәдениет орталығы екенін атап айтты. «Мешіт тек Құран оқып, намаз өтеп кететін құлшылық үйі ғана емес, ол жерде жастарымыз білім мен тәлім тәрбие алады. Біз қашанда мешіттеріміздің құлшылық орны ғана емес, діни-рухани орталыққа да айналуын мақсат етеміз. Мешіт жамағаты ұйымшыл, ынтымағы мен бірлігі күшті, иманы бекем болса, сол халықтың іргесі бекем, бақытты болады» деді бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

«Алатау» ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров бұл ел игілігіне берілген осы аудандағы 11-ші мешіт екенін жеткізді. «Дархан» ықшам ауданында тұратын азаматтардың демеушілігімен осындай зәулім ашылып отыр. Мұның барлығы тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіліп жатқан дүние. Күні бүгінге дейін Алматы қаласында 48 мешіт бар болған болса, солардың ішінде 10 мешіт біздің ауданда орналасқан. Енді, міне, бүгін, тұңғыш рет «Дархан» ықшам ауданында «Дархан» ауылдық мешіті есігін айқара ашты. Қазір «Алғабас», «Трудовик» және «Байбесік» ықшам аудандарында да жаңа мешіттердің іргетастары қалануда. Алла амандық берсе,  биылғы жылдың соңында барлығы пайдалануға беріледі»- деді аудан әкімі.

Аудан халқы жаңа мешіттің ашылғанына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты. «Алла Тағала ұрпағымызды қашанда ислам дінінде толыққанды өмір сүруге нәсіп етсін. Дініміз қуатты болсын. Алла, елімізге ырыстық, жерімізге тыныштық бересін! Жер мен көктен келетін әр түрлі қауіп-қатерден, жалындаған оттан, дауасыз дерттен сақтасын» деп ағынан жарылды тәуелсіздік таңымен бірге Моңғолия жерінен көшіп келген ақсақал Отай Рахатұлы.

Ал осы ауылдың тұрғыны Батырханова Несіпхан апа жаңа мешіттен жергілікті жастар діни сауатын ашып, тәлім-тәрбие алатынына қуанышты екенін айтты. «Мешіттің ашылуы біз үшін үлкен қуаныш қой. Енді жаңа мешіттің жамағаты да игілігі де көп болсын. Береке-бірлігіміз нығая берсін. Аналар ешқашан да жыламасын. Қайта, балаларының имандылғын, мұсылмандығын көруге нәсіп етсін. Тәуелсіздігіміз, бейбітшілігіміз мәңгілік болсын»- деді ол.

Айта кетсек, «Дархан» ауылдық мешітінің бас имамы болып Темірбек Бекмағамбетов тағайындалды. Ол Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетінен білім алып, Мысыр және Пәкістан елдерінде тәжірибеден өткен. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін Көкшетаудағы Науан Хазірет орталық мешітінде наиб имам қызметін атқарған.


 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: