24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

ҚМДБ делегациясы Түркияның Кайсери қаласында (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Қазақстан Республикасының шетелде дін саласында білім алып жатқан студенттерінің басым көпшілігі Египет Араб Республикасы, Сауд Араб Корольдігі және Түркия мемлекетінде шоғырланған.

Олардың арасында жаңадан оқуға түскен және бітіруге жақын қалған азаматтар бар. Бітіргендер елге оралып, оқуда озат болғандары дініміздің кең қанат жаюына, мемлекетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуды армандайды. Өрімдей жастар «еліме елеулі, халқыма қалаулы азамат болсам», - дейді.

Жырақта жүрген қандастармен танысып, олардың хал-ахуалдарын өз көзімен көруді мұрат тұтқан Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының делегациясы Египет Араб республикасы және Сауд Араб Корольдігіндегі іс-сапарынан соң Түркия республикасына ат басын тіреді. Олардың алғаш табан тіреп, тоқтаған жері бұрынғы Жібек жолының бойында орналасқан Кайсери қаласы.

1 миллионға жуық тұрғыны бар шағын қала өзінің әсем табиғаты және тау-шаңғы демалыс орындарымен әйгілі. Содан шығар қалаға ағылған туристердің санында шек жоқ. Түркия экономикасына қомақты пайда алып келетін де осы сала. Қазіргі уақытта мұнда 70-ке жуық отандасымыз бар. Дінтану саласы бойынша бакалаврияттан бастап магистратура мен болашақ PGD доктаранттары білім алуда.

Кайсери қаласында өткен тағылымы мол кездесуге студенттердің бірсыпырасы келді. Алғаш болып сөз алған ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының кеңесшісі Қуат Раев діни басқарма тарапынан студенттерге қол ұшын созуға әрдайым дайын екенін айтты. Және бұл соңғы кездесу емес екенін, алдағы уақытта жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.

ҚМДБ-ның Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерішісі Алтынбек Ұтысханұлы елімізде білім аламын деген жастарға көп қолдау көрсетілетінін, Түркиядағы «Қасеки» акамемиясында оқу үлкен мәртебе екенін тілге тиек етті. Осыдан 2 жыл бұрын Діни басқарма тарапынан жастар бөлімінің ашылғаны, елімізде тұңғыш өткен имамдар форумы мен онда қабылданған құжаттар туралы ақпарат берілді.

Делагация құрамында болған «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің PНD доктаранты Оралхан Рахматбекұлы аталмыш университеттің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін баяндап, отандық білікті мамандардың тапшы екенін айта келе жастарды діни білім сапасын көтеруге шақырды. Нұр Мүбарәк университетін алғашқы 10 жылдың өзінде 500-ден астам түлек бітіріп шықса, бүгінгі күні жылына 200-ден астам студент тәмамдайды. Тағы бір жетістік ретінде былтыр тек «Исламтану» мамандығының өзіне 150 грант бөлінгенін айта кету керек. Алдағы уақытта грант саны тағы бірнеше есеге ұлғаймақ. Бұл бұрын-сонды болмаған жетістік.

Елдегі жаңалықтарды естіп-білген жастар көкейдегі сауалдарын қойып, лайықты жауап алды. Жарты сағатқа жоспарланған жиынның 1-сағаттан көп уақытқа созылуы кездесудің нәтижелі болғанының белгісі. Студенттер қонақтарға разылығын айта келе алдағы уақытта да жиі жүздесіп тұруларын сұрады. «Кездесу соңы естелік суретке түсуге ұласты» - деп хабарлайды «Асыл арна» телеарнасының журналисі Нұрболат Жантелі.

muftyat.kz

Бөлісу: