19
Жұма,
Сәуір

һижри

«Жан шырылы» ақ пен қараны ажыратты (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бас қаладағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында «Жан шырылы» қойылымы болды.

Ақмола облысы Мәдениет басқармасы жанындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері көрсеткен қойылым бүгінгі күннің өзекті тақырыбына арналды. Аса нәзік әрі өте күрделі дін жайын бүгінде әркім сан-саққа жүгіртіп, саф сенімге селкеу түсіріп жатқаны жасырын емес. Әлемді шарпыған әртүрлі ағым салған сарсаң Орта Азия мен Қазақстан жерін де айналып өтпеді. Бұл бағытта мемлекет, қоғам мен әлеуметтің  тарапынан амал-қарекет, тиісті шаралар жүргізілуде. Соның бір парасы – халықтың руханиятын осындай сахна төрінде жүрекке жетімді, халыққа өтімді қойылымдармен көрсету. Осы орайда орындалған аталмыш «Жан шырылы» қойылымы – бейбіт діннің шырқын бұзып, сонау ғасырлар бойына қазақ топырағына сіңіп, тамырын жайған Исламды бөле-жара ұстанып, тоңтеріс бағытқа бет бұрып, жат ағымға ілескен кей жастардың райынан қайтып, өмірлік өлшем ұғымын шынайы түсінуіне жол ашуды көздеді.

Бауыр еті – баласын әлпештеген ата-ананың көңіліне түскен қаяу, шынайы жиһадтың жайын «қарулы жиһадпен» алмастырып, ақыр аяғында қыр асып, лаңкестердің оқпанына түскен сәтте опық жеген жастардың тәубеге келуі «Жан шырылында» шынайы көрініс тапты.

Қалың көпшілікпен қатар бұл күнгі мазмұны мәнді қойылымды көруге ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы мен ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы да қатысты. Дін өкілдері асыл дін төңірегіндегі алып-қашпа, жалған ақпарат пен күмәнді пікірлерді сейілту үшін осындай мән-мағынасы зор, ой саларлық дүниелерді әртүрлі форматта, сахна төрінде, театрландырылған түрде насихат етудің бүгінгі қоғам, халық үшін өте пайдалы екенін жеткізді.

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 

Бөлісу: