19
Жексенбі,
Қаңтар

һижри

Жамбылдық жас қари «Hyunday» автокөлігіне ие болды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «VI Республикалық Құран жарысы» өз мәресіне жетті деп хабарлайды Muftyat.kz.

Қасиетті Құран кәрімнің 114 сүресін толық жаттаған қарилар конкурсына республика бойынша іріктеуден өткен 32 үміткер қатысты. Әділ қазы алқасы сайыс барысында қарилардың Құранды мүлтіксіз жаттауы, Құран оқу ережелерін сақтауы, аяттардың тәпсірін меңгеруі, сүрелердің аудармасын білуіне жіті назар аударып, әділ шешімін шығарды.  

Биыл алтыншы рет өткізілген республикалық Құран жарысында Жамбыл облысынан келген 14 жастағы ең жас қари Дулат Қалығұлов жүлделі І орынды иеленіп, ҚМДБ бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы жүлдегерге «Hyunday» көлігінің кілтін салтанатты түрде табыстады. Әділқазылар алқасының шешімімен Шоқан Уәлиев (Оңтүстік Қазақстан облысы) қариға екінші орын бұйырып,  «Daewoo Nexia» автокөлігіне ие болды. ІІІ орынға лайық болған Хусей Уалихаджи қари (Жамбыл облысы) «Лада Приора» көлігін қанжығасына байлады. IV орынды иеленген Нағим Нағманов қариға (Маңғыстау облысы) үлкен қажылыққа тегін жолдама берілді. V орынға Назар Сұлтанбай қариға (Астана қаласы) кіші қажылықтың сертификаты табысталды. Жарысқа қатысқан барлық қариға 70 000 теңге қаржылай сыйлық берілді.

Игі шарада «Бәйкен» мешітінің Бас имамы Құлмұхаммед Маханбет жүлделі орындарға көлік сыйлаған демеушілерге, қаржылай қолдау көрсеткен дін жанашырларына, кәсіпкерлерге, ұйымдастыру алқасының мүшелеріне ізгі ниетін жеткізіп, Бас мүфтидің алғыс хатымен марапаттады. 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: 

«ҚҰРАН ОҚЫЛҒАН ҮЙДЕН ЖАМАНДЫҚ ҚАШАДЫ» 

«Бүкіл әлемде ең көп данамен тараған кітап – Құран. Үздіксіз оқылатын және барлық тілге аударылған Құран секілді кітап жақ. Құран секілді ешқандай кітап жатқа оқылып, насихатталмайды. Өйткені, ол – Алланың сөзі. Құран оқу адамның зейінін ашады, оның әрбір аятына сауап жазылады. Құранды көп оқыған адамның Алла алдында дәрежесі артады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Үйлеріңде Құран оқыңдар, жамандық атаулы үйлеріңнен алыс болады», – деген.

Бүгінгі жарысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – Құран жаттаған жастарды қолдау, қасиетті кітабымызда жазылған адамгершілік құндылықтарды насихаттау. Аллаға шүкір, еліміз бойынша 2 республикалық қарилар орталығы жұмыс істейді. Жуырда үшінші қарилар орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда мешіттерімізде Рамазан айында өзіміздің жастарымыз Құран-хатым түсіріп жатыр.  

Серікбай қажы ОРАЗ, наиб мүфти, ұйымдастыру комитетінің, әділқазылар алқасының төрағасы:  

«ҚҰРАН ОҚЫП, ОНЫ ЖАТТАУ – ЕҢ ҰЛЫ ҚҰЛШЫЛЫҚТАРДЫҢ БІРІ»

«Аллаға шүкір, Тәуелсіздігімізді алып, асыл дініміздің құндылықтарын, қасиетті кітабымыз Құранды насихаттауға мүмкіндік туды. Алатаудың баурайында әсем қаламыз Алматыда екі дүние бақытына жетелейтін қасиетті кітабымызды жаттаудан жарыс ұйымдастырып отырғанымыз – елдігіміздің белгісі, имандылығымыздың айқын көрінісі, Тәуелсіздігіміздің жемісі. Құран оқып, оны жаттау – ең ұлы құлшылықтардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді», – деп өсиет қалдырған.

Бүгінгі республикалық Құран жарысына еліміз бойынша 30 жасқа дейінгі 32 қари бауырларымыз қатысты. Комиссия мүшелері олардың Құранды дұрыс оқуына, қатесіз жаттауына, аяттардың тәпсірін білуіне мән берді. Өздеріңіз көргендей, сыннан мүдірмей өткендер көп болды.

Дулат ҚАЛЫҒҰЛОВ, 14 жастағы қари, І орын иегері: «ҚҰРАНДЫ БІР ЖАРЫМ ЖЫЛДА ЖАТТАП ШЫҚТЫМ» 

«Кішкентайымнан Құран оқып, жаттауға дағдыландым. Қазір қатты қуанып тұрмын. Осындай шаралар көп болып тұрса дегім келемін. Құранды бір жарым жылда жаттап, 2 жылда бекіттім. Ұстазыма рахмет айтамын». 

 


\



















 

Бөлісу:

Пікірлер қалдыру