Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Күндерімнің куәсі» алты томдық кітабының таныстырылымына қатысты.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен рухани іс-шарада Бас мүфти кітап авторын құттықтап, арнайы сөз сөйледі.
«Халқымызда: «Ағадан – ақыл, атадан – нақыл, баладан – мақұл» деген керемет сөз бар. Сіздің кейінгі ұрпаққа айтқан ақылыңыз нақылға айналып, жастарды жақсылыққа үндеп келеді.
Сіздің діни салада кең тараған нақыл сөздеріңіздің бірі: «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» Расында бұл сөздің мағынасы өте терең. Сіз бұл ойыңыз арқылы діннің адам өміріндегі маңызды рөлін көрсетіп, оны дұрыс ұстанудың маңыздылығын айтумен келесіз.
Расында адам адамнан тәлім алады. «Күндерімнің куәсі» кітабыңызда өміріңіздің маңызды кезеңдерін, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы оқиғаларды, түрлі саладағы жұмыс тәжірибеңізді, ең бастысы өзіңіз куә болған тарихи сәттерді баяндайсыз.
Бұл еңбек ізіңізді басқан інілеріңізге, барша оқырман қауымына пайдалы болады деп сенемін. Өйткені бұл кітап – тек жеке естеліктер ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғаларына қатысты құнды тарихи-танымдық туынды. Алла Тағала берекелі еткей. Құдай қаламыңызға қуат берсін!» деді ҚМДБ Төрағасы.
Айта кетейік, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков жазған ауқымды еңбектің таныстыру рәсіміне қоғам және мәдениет қайраткерлері, Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.