Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қажылық маусымында Мекке мен Мәдина қалаларында қызмет атқарған Қажылық миссиясының қорытынды есебі тыңдалды.
Жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына 2025 жылдың қажылық маусымында атқарылған жұмыс жөнінде баяндалды. Алдымен миссия жұмысы қамтылған шағын бейнеролик назарға ұсынылып, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы қажылық миссиясының бес бағыты – ұйымдастыру мен үйлестіру, уағыз-насихат, пәтуа және сұрақ-жауап, алғашқы медициналық көмек, ақпараттық сүйемелдеу бағыттары бойынша кеңірек тоқталды.
Жұмыс есебін тыңдаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:
«Биылғы қажылық маусымының сәтті ұйымдастырылып, ең бастысы, отандастарымыздың аман-есен келгеніне қуаныштымыз. Алла Тағала қажылық сапарын қабыл етіп, халқымызға жасаған қызметтеріңізге мол сауаптан жазсын» деді.
Сондай-ақ миссия өкілдеріне атқарған сауапты іс үшін алғысын білдіріп, қажылық маусымын ұйымдастыру жұмысын әлі де дамыту, жетілдіре беру керектігіне назар аударды.