28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Бес уақыт намаздың хадистердегі орны

Бес уақыт намаздың хадистердегі орны

Намаз

Намазды бес уақыт оқу тек Құран кәрімде ғана айтылмаған. Алғашында бұл ғибадатты Алла Тағала Жәбірейіл періште арқылы Пайғамбарымызға (с.а.с.) үйреткен.

Ибн Аббастың риуаят еткен хадисінде Ақиық елші (с.а.с.): «Қағбаның жанында Жәбірейіл періште маған имам болып, екі мәрте намаз оқытты.

Біріншісі: Дененің көлеңкесі аяқ киімнің бауындай ғана болып түсетін кезде бесін намазын оқытты. (Күн тастөбеден батысқа қарай құлаған кезде).

Дененің көлеңкесі өз бойымен теңескенде, екінді намазын оқытты.

Күн батып, ораза ұстағандарға ауызашар мезгілі таяғанда ақшам намазын оқытты.

Көкжиекте күн шапағы сейіліп, төңірек қараңғылыққа боялғанда, құптан намазын оқытты.

Екінші, таң арайлап, ораза ұстағандар үшін ішіп-жеу харам етілген сәтте таң намазын оқытты.

Екінші мәрте: Жәбірейіл «Бесін намазын» алғашқы кезде оқытқан сәтінен бастап, барлық дененің көлеңкесі өз бойындай болғанша оқытты. Екінді намазын барлық дененің көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанша, Ақшам намазын өткен күннің уақытында, Құптан намазын түннің үштен бірі өткенде, Таң намазын жер беті ағарғанға дейін оқытты. Содан соң маған қарап: «Уа, Мұхаммед! Бұл сенен бұрын келген пайғамбарлардың уақыты. Намаз уақыттары осы аралықтарда оқылады деді» – деген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) оқыған намаз, сахабалар мен табиғиндермен жалғасып, күні бүгінге дейін өзгерместен дәл солай оқылып келе жатыр. Сондықтан да әрбір мұсылман бес уақыт намазға баса көңіл аударғаны жөн. Намаздарды уақтылы оқу да ғибадаттың мәнін арттыра түседі. Яғни, бізге намаз оқу қандай парыз болса, оны өз уақытында орындау да сондай парыз болмақ.

Сондай-ақ намаз оқымау – харам, намазды уақытынан қасақана кешіктіру де харам болып саналады. Бір сахаба Алланың елшісінен амалдардың ең абзалын сұраған сәтте Пайғамбарымыз үш амалды атап айтады. Солардың бірі «уақытында оқылған намаз». Олай болса, әр күніміз намазбен нұрланып, намазбен жүрегіміз тазарып, ғұмырымыз мәнді болмақ.

Ендеше, әрбір мұсылман үшін барлық намаздарды Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйреткеніндей уақытында оқу ләзім.

материал «Намаз – діннің діңгегі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: