22
Жұма,
Қараша

һижри

Намаздың бес уақытқа бөлінуінің мәні

Намаздың бес уақытқа бөлінуінің мәні

Намаз

Сағаттың секунд, минут, уақыт пен күн санағыштары бір-біріне бағынышты, тәуелді, бірінің бірі үлгісі, толықтырушысы, қайткенде де олар өзара тығыз байланыста десек, мына жатқан кең дүние де Хақ Тағаланың үлкен сағаты іспетті.

Ондағы күн мен түннің өзара алма-кезек ауысуы – оның секундтары, минуттары – жылжып аққан жылдар, сағаттары – адам өмірінің әр түрлі кезеңдері, күндері – ғаламдағы дәуірлер. Бұлар да өзара астасып, тығыз байланысты құрауда. Бір-бірін толықтырып, қашанда еске салып тұруда.

Айталық, таң намазының уақыты күн шыққанға дейінгі уақыт аралығы. Ол шуақты көктемге ұқсайды. Адамның жатырда пайда болу сәтін, көк пен жердің алты күнде жаратылысының бірінші күнін еске түсіреді.

Олардағы иләхи хал-ахуалдан сыр шертеді. Түскі уақыт болса, жаздың жайдары жайқалған кезіне, жастық шақтың толысқан шағына, дүние тіршілігіне ден қойған адамның алғашқы жаратылыс дәуіріне ұқсайды. Бұған қоса, олардағы рақым құбылысын, нығмет берекетін еске салғандай.

Екінді уақыты – сарғайған күрең күзге, қалжыраған қарттыққа, пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедтің (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам) көзі тірісіндегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай бақытты заманға ұқсайды. Сол уақыттардағы иләхи жайттарды және нығмет-несібелерді еске түсіргендей.

Кешкі уақыт – күз мезгілінің соңын ала көптеген тіршілік иелерінің асыға індеріне тарқасып, сондай-ақ адамның көз жұматын сәтін елестетіп, қиямет күні алдындағы әлемнің аласапыран күй кешіп астаң-кестең болатынын ескерткендей, халықты бейқамдықтан арылтуға, терең ұйқыдан оятуға тырысады.

Құптан уақыты болса – күндізгі әлемге тән барша болмыс атаулыны қараңғылық әлемнің өз тұңғиығына сүңгітіп, қалың көрпесін кең төсей қымтауын, тынымсыз тірлігі бір сәтке талмаусырап, өлдіге баланған жер бетін қытымыр қыстың ақ кебінге орауын, бақилық сапарға аттанған жанның артындағы күллі еңбегінің де қас-қағым сәтте ұмытылып кете барғанын, сын-сынақ мекені бұл дүниенің аяқталғандығын еске түсірумен қатар қаһарлы күш иесі Алланың құдіреті күшті өктемдігі мен құдайылық ісін паш етеді.

Қою қараңғы түн болса қысты да, қабірді де, Бәрзаһ әлемін де қатар еске түсіріп, Алланың рақымы мен мейіріміне адам жанының мәңгілік зәру екенін білдіргісі келгендей, адам санасын қалың ойға шомдырады. Түн ішінде «Тәһажжүд» намазын оқу – қабір қараңғылығы мен Барзаһ әлемінің тас түнегіне тап болғанда аса қажет жарығы мол сәуле екенін білдіріп ескерту жасайды. Осыншама көз тартарлық, құпияға толы құбылыстар мен нығмет атаулының бір ғана шынайы иесі – Алла Тағаланың шексіз мейірімі мен шапағатын, жақсылығы мен құдіреттілігін ақылға салып, бағамдай білсеңіз, Оның мадақ пен мақтауға, шүкір мен алғысқа қаншалықты лайық екеніне көзіңіз жетеді.

Ертесі күнгі рауандап атқан таң шапағы болса, мүлгіген өлі тыныштықтан кейін қайта тіріліп жиналатын Хашыр және Қиямет күнінің мезгілін елестетеді. Иә, түн қараңғылығы сейіле бастағанда таң атары, қаһарлы қыстан соң жұпар иісі аңқыған көктем лебінің есетіндігі қалайша заңды құбылыс болса, өлгеннен кейін қайта тірілетін Хашыр мезгілінің туып, Барзаһ көктемінің келетіндігі де дәл сондай бұра тартуға келмейтін заңды құбылыс.

Демек, осы бес уақыттың әрқайсысында маңызды бір ауысу үрдісі жүреді. Олар сондай-ақ жоғарыда айтылғандай кең шеңбердегі үлкен өзгерістерді үнемі еске салып тұрады. Анығында, Жаратушы бір күндік іс-қимыл арқылы бір жылдық, бір ғасырлық, тіпті замана, дәуірлерге тән құдіретті мұғжизаларды, рақым сыйларын көрсете алады .

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, жаратылыстағы асыл мақсатымыз – Жаратқанға құлшылық жасау. Ал парыз боп міндеттелген намаз болса, өзінің бес уақытында мүминдерді Алланың мархабатына бөлейді. Намазды әр түрлі уақыттарда атқару адам үшін де ыңғайлы.
Намазды уақтылы ықыласпен оқыған адамға Алланың рақымы жаумақ!

материал «Намаз – діннің діңгегі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: