28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Намаз оқып тұрғанда сырттан біреу сәлем берсе, қалай жауап береміз?

Намаз оқып тұрғанда сырттан біреу сәлем берсе, қалай жауап береміз?

Намаз

Намаз оқып тұрған сәтте бірі келіп: «ассаламуғалейкум» деп сәлемдескен жағдайда, оған намаздағы кісі «уағалейкумуссәләм» деп жауап берсе, намазы бұзылады. 

Ондайда не істемек керек? 

Риуаяттарға қарағанда сәләмдескен адамға Алла елшісі (с.а.у.) намаз оқып тұрып басын изеген екен, кейде қолымен (білезікке дейінгі жерін ғана көтеріп) ишара жасап жауап бергендігі де болған[1]. 

Осыған орай: 

1. Мәлики мәзхабында намаз оқып тұрғанда қолымен ишара жасап жауап беруі – уәжіп.

2. Шәфиғи мәзхабында, қолымен ишара жасау арқылы жауап беруі – мұстахаб (ұнамды)

3. Ханбали мәзхабында, мубах[2].

4. Ханафи мәзхабында, жеңіл мәкруһ. Яғни, қолмен ишара жасап та жауап бермеген абзал, дегенмен намазды бұзбайды[3].

Қорытынды: намаз оқып тұрып, сырттағы біреудің сәлеміне ауызша жауап беру – намазды бұзады. Ал, хадисте айтылғандай, сәлеміне бас изеп, не болмаса, қолмен ишара жасау арқылы жауап беруге рұқсат, дегенмен, олай да жауап бермегені абзал.

 

[1] Абдулла ибн Омар былай дейді: «Мен Біләлден: «Пайғамбарымыз намаз оқып тұрғанда оған сәлем бергендерге қалай жауап беруші еді» деп сұрағанымда, Біләл: «Қолымен ишара жасайтын» деді». Тирмизи, Сүнән.
[2] Әл-Мәусуғатуль Фиқһия әл-Күейтия.
[3] Ибн ғабидин: Раддуль Мухтәр. 2/373 бет.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: