31
Жұма,
Мамыр

һижри

Азан айтылғанда орнынан тұру керек пе?

Азан айтылғанда орнынан тұру керек пе?

Намаз

Кейбір Ханафи кітаптарында: «Азан айтылғанда орнынан тұру – мәндуб.  («Бәззәзия» кітабында)» делінеді. Мысалы, «Дүрруль Мұхтәр» атты фиқһ кітабында солай айтылған.

Оған дәлел ретінде Имам Суютидің хадистер жинағында келтірілген мына риуаят көлденең тартылады: «Егер, шақыруды естісеңдер (яғни, азанды), тұрыңдар. Шынында ол – Алладан бір бұйрық»[1].

Әйткенмен, аталмыш хадистегі «тұрыңдар...» деген сөзді хадисшілер: «тұрып, намазға барыңдар» деп түсіндірген[2].  Және Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин де жоғарыда аты аталған кітапқа (Дүрруль Мухтар) жазған түсіндірмесінде (Роддуль Мухтар) осы мәселеге қатысты былай деп өтеді:

«Мен ондай пәтуаны (орнынан тұруды) ол жерден («Фәтәуә Бәззәзия» кітабынан) көрмедім. Басқа нұсқаларынан қарап көріңіз... Ал, мұндағы «тұрудан» мақсат – шақырылған азанға жауап ретінде намазға бару керектігін білдіріп тұрған болуы ықтимал»[3].

Тоқ етері: азан айтылған сәтте естіп отырған кісінің орнынан тұруы шарт емес.

Балақ мәселесіне келер болсақ, балақты тобықтан төмен түсірмеу «сүннәтуз зәуәидқа» жатады[4]. Үкімі мәндуб. Балақты тобықтан төмен түсіру «тәкәппарлық» нышаны болмайынша, оның еш ағаттығы жоқ. Мысалы, «Сахих Бұхариде» келтірілген риуаятта, сахаба Әбу Бәкірдің (р.а.) изарының бір жағы жерге төмен түсіп жүретініне қатысты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сен оны тәкәппарланып істейтіндерден емессің ғой» дегендігі айтылған.  

Және деректерге қарағанда, Имам Ағзам Әбу Ханифаның үстінде төрт жүз динардың шапаны болыпты. Онысы жерге сүйретілердей ұзын екен. Сонда оған: «Біз бұл нәрседен тыйылмаппа едік (яғни, тобықтан төмен асырудан тыйылмаппа едік)?», - делінгенде, Ол (р.а.): «Шынында ол нәрсе тәкәппарлар үшін айтылған дүние. Біз – олардан емеспіз», - деп жауап берген екен.

 

[1] Имам Суюти: Жәмиъ - №1480. "Әлсіз" хадис.  
[2] Абдуррауф әл-Мәнәуи: Файзуль Қадир Шарху Жамиғис сағир - №696 хадис түсіндірмесі.
[3] Ибн Ғабидин: Роддуль Мухтар – 2/67 бет. 
[4] Ханафи ғалымдары сүннетті екіге бөліп қарастырған: Біріншісі, «сүннәтуль һуда», яғни, «һидаят сүннеті». Бұған, көбінесе дін негіздері мен діни рәсімдерді толықтырушы сипаттағы сүннеттер жатады. Екіншісі, «сүннәтуз зәуәид», яғни, «қосымша сүннет». Мысалы, Пайғамбарымыздың киім кию үлгісі, жүру үлгісі, отыру үлгісі т.б. 

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: