22
Жұма,
Қараша

һижри

Намазда екі сәжденің бірін ұмытып кеткен адам не істейді?

Намазда екі сәжденің бірін ұмытып кеткен адам не істейді?

Намаз

Сәжде – намаздың ішкі парыздарының бірі болып табылады. Ол – екі сәждеден тұрады. Екі сәжденің екеуін де орындау – парыз[1]. 

Ендігі жерде, сәжденің бірін ұмытып кеткен жағдайда:

1) Оны жасамағаны рүкуға барғанда есіне түссе, лезде сәждеге барып, әлгі жасамаған бір сәждесін жасайды да, артынша тұрып рүкүғын қайта орындайды. Намаз соңында сәһу сәждесін істейді.

2) Ал, сәждеге барғанда есіне түссе, сәждеден бас көтереді де: «Аллаһу әкбар» деп алдынғы ұмытып кеткен бір сәждесін орындау үшін қайта сәждеге барады. Және артынша одан бұрын жасаған екі сәждесін кайталап жасайды. Намаз соңында сәһу сәждесі керек.

3) Соңғы отырыста «аттахияту» дұғасын оқып жатып есіне түскен адам, сол жерде «Аллаһу әкбәр» деп сәждеге барып ұмытқан бір сәждесін орындайды. Одан соң, аттахияту дұғасын қайтадан оқып, сәһу сәжде жасайды. Кейін қайта «аттахиятуды», «салауат-раббананы» оқып намазын тәмәмдайды.

4) Екі жаққа сәлем бергеннен кейін еске түскен жағдайда, намаз бұзатын артық әрекеттерге бармастан (мысалы, күліп, сөйлеп, дәретін бұзып т.б.), сол отырған күйі бір рет сәжде жасайды. Артынша, қайта аттахиятуды оқып, сәһу сәжде жасалып, әдеттегідей намазды тәмамдайды.

Ескерту:

Сәжденің бірін ұмытқан кісі оны орындауды дәл еске түскен мезетте емес (мысалы, рүкуғда), намаздың соңына да қалдыруына болады[2].

 

[1] Шүрнубуләли: Ибдад – 239 бет; Хашияту ибн ғабидин; Кәсәни – Бәдәиғ.
[2] Хашияту Ибн Ғабидин - 4/45-46 бет.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: