21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Сәжде жасағанда екі өкшені бір-біріне тигізу керек пе?

Сәжде жасағанда екі өкшені бір-біріне тигізу керек пе?

Намаз

Сәждеге барғанда өкшені немесе тобықты бір-біріне тигізу мәселесі төңірегінде Айша анамыздан (р.а) үш түрлі хадис жеткен.

Атап айтсақ:

1. Имам Мүслім, Әбу Дәуіт, Ибн Мәжә, Нәсәи және әл-Байхақидің (р.а.) хадистер жинағындағы Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен  бір хадисте Айша анамыз (р.а) былай дейді:

«Түннің бірінде Алла елшісін төсекте жоқ екендігін байқадым. Сөйтсем, Ол (с.а.у.) сәждеде екен. Сипалап қарағанымда қолым тік көтеріліп тұрған екі аяғының табанына тиді...» [1].

2. Хакімнің «әл-Мүстәдрак» атты хадистер жинағында және Ибн Хузайманың «Сахихында» дәл сол хадис Ъуруә ибн Зүбәйрдан жеткен. Онда Айша анамыз:

«(Түндердің бірінде) Қасымда жатқан (жұбайым) Пайғамбардың жоқтығын сездім. (Іздегенімде) Сәжде жасап жатқан күйі таптым. Сәждеде екі аяғының өкшесі бір-біріне тиіп тұрған екен», - дейді[2].

3. Хадисші Даруқутни, Имам Тирмизи, Нәсәи және Имам Мәлик аталмыш хадисті Мухаммед ибн Ибрахим әт-Тайми есімді табиғиннен риуаят етеді. Ол жерде Айша анамыз (р.а) былай дейді:

«Мен Пайғамбарымыздың жанында ұйықтап жатқан едім. Түннің бір уағында қарасам, Ол (с.а.у) жоқ. Сипалап қарасам қолым екі аяғына тиді. Сөйтсем, сәжде жасап жатыр екен...»[3].

Аталмыш мәселеге қатысты айтылған хадистерді талқылай келе, фиқһ ғұламалары сәждеде аяқ арасын жабыстырып емес, ашық ұстауды негіз етіп алған. Бірақ, сүннет ретінде есептеп, өкшесін бір-біріне тигізген кісіні де жазғырмағанын айта кету керек.

Мысалы, Ханафи мәзхабын ту еткен кейінгі буын ғұламалардың бірі Әбу Суъудтің: «Сәждеде екі өкшені жабыстыру – сүннет», - деген тұжырымы бар.

Фиқһ білгірі Ибн Ғабидин (19-ғасыр) Әбу Суъудтің әлгі сөзін келтіргеннен соң былай дейді:

«...Мен бұл сөзді басқасынан көрмедім. Мүмкін ол нәрсенің сүннет екені мынадан аңғаруға болатын шығар: Рукуғқа барған кезде екі өкше арасын жабыстыруды сүннет деген ғалымдар одан кейінгі әрекетте (яғни, сәждеде) арасы ашылады деп айтпаған. Осыған қарағанда, сәждеде де негізінен алсақ, екі өкшенің бір-біріне жабысып тұруы жөн болмақ...»[4].

Ханбәли мәзхабының ғалымы Ибн Қудама өзінің «әл-Муғни» атты фиқһ кітабында: «Сәждеде екі тізе мен екі аяқ араларын жабыстырмау – мұстахаб», - деген. Демек, Ханбали мәзхабында сәждеге барған адам, екі аяқ арасын жабыстырмай ашып ұстайды[5].

 

[1] Мүслім - №756 хадис; ән-Нәсәи - №1087; Ахмәд ибн Ханбәл - №23755 хадис; Ибн Мәжә - №3839;  Әбу Дәуіт -№746 хадис.; 
[2]Әл-Мүстәдрак - №786 хадис; Сахиху ибн Хузайма - №637 хадис.
[3] Даруқутни - №457 хадис; Муатта - №495, №661 хадис; Табарани, әл-Муъжәмул Әусат - №204 хадис; Тирмизи - №3439 хадис; ән-Нәсәи -№1117 хадис т.б.
[4] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар. 3/307 бет, 344 бет.  Дамаск-Сирия, 2000 ж.
[5]  Әл-Муғни: Китабус сала.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: