21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

«Намаз ішінде шайтан күлдіре береді, одан қалай арылсам болады?»

«Намаз ішінде шайтан күлдіре береді, одан қалай арылсам болады?»

Намаз

Мына төмендегідей амалды істесеңіз, Алланың жәрдемімен әзәзілдің уәсуәсасынан құтыласыз.

1) Алдымен өзіңізге үш рет Ықылас, үш рет Фәләқ және үш рет Нас сүресін оқып, әр оқығанда кеудеңізге үфіріп дем салыңыз.

2) Намазды бастайтын кезде азан шақырыңыз. (Үй жағдайда азан айтқанда орташа дауыспен айтсаңыз болады).

3) Намазға ниет етерде мына дұға-аятты оқыңыз: «Рабби, әғузу бикә мин һәмәзәтиш шаятыйн. Уә әғузу бикә, Рабби, ән Яхдурун!»

4) Намаз ішінде уәсуасә келген жағдайда «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтыңыз.

5) Егер азғыруын қоймаса, үш рет сол жағыңызға түкіріңіз де одан соң: «Әғузу билләһис-сәмиъиль алими минәш-шәйтанир ражим» деңіз (әдеттегі Әғузуді айтсаңыз да болады).

6) Намаз ішінде «қазір күлемін» деген ойды қуыңыз. Ол үшін намазда тұрғанда «Алла көріп тұр» деген ойда болыңыз. Және де қабірді ойлаңыз, ертең қабірге көмілсем жағдайым не болады, дегенді ойлаңыз, осылайша іштей құдайдан пана тілеп, ойыңызды Аллаға және ақыреттік жағдайға аударыңыз.

7) Парыз намаздың алдында міндетті түрде «Қамат» түсіріңіз. 

7) Намаздан кейін «Аятуль курсиді» оқып, тәспі тартып, артынан қол жайып, шайтанның азғыруынан Аллаға сыйынып, Одан пана сұраңыз. Азғырушы шайтанның азғыруынан арылтуды тілеңіз. ИншаАлла, Алла Тағала ол дерттен арылтады.

8) Бұған қосымша «Бақара» сүресін оқыған пайдалы. Өзіңіз оқи алмасаңыз, «Бақара» сүресінің аудио оқылуын тыңдаңыз. Жиі Құран тыңдаңыз.

9) Сағаттар бойы тик-токта отыруды тоқтату керек. Сондай-ақ, бүкіл уақытын ютубты көрумен өткізуді қысқарту керек.

10) Анайы бейнебаяндар мен фильмдерді көруден сақтану керек. Анайы бейнелерді көрген адамның қасынан періштелер қашып, шайтандар үйір болады.

11) Жиі зікір-тәспихат айтып, жиі «истиғфар» келтірген жөн. (Истиғфар - Астағфирулла деп, Алладан кешірім тілеу, күніне жүз мәрте).

12) Таң намазы мен құптан намазына ұқыптылық танытыңыз. 

Алла Тағала сізді және жақындарыңызды жын-шайтандардың азғыруларынан сақтап, өзінің панасына алсын! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: