Өмірлік мақсаты бар адам – өзіне де, отбасына да көңіл бөлуге тырысатын жан.
Мұндай адамның күні әдетте толығымен еңбектенумен, іспен өтеді, бос уақыты аз болады. Өйткені ол өмірін нақты бір мақсатқа арнаған. Осы шындықты Құран да меңзейді: «Шынында, күндіз сенің атқаратын істерің көп».
Яғни күндізгі уақыт – тіршілік қамына, отбасына, еңбекке, қоғам алдындағы міндеттерге арналған. Ал түннің сыры мүлде бөлек. Түн – құл мен Құдайдың арасындағы жасырын сырласу сәті.
Сүйген жан сүйіктісімен оңаша болуды қалайтыны секілді, мұсылман үшін түн – Раббысымен оңаша қалатын уақыт. Әсіресе түннің соңғы бөлігі – дұға, Құран оқу, зікір айтуға ең қолайлы мезгіл. Бұл сәтті қадірлей білген құл жүрек тыныштығын табады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) осыны бізге ісімен көрсеткен. Ол Айша анамыздың (р.а) қасында сүйікті жарының құшағында бола тұрып, Алламен сырласу үшін намазға тұруға рұқсат сұрайтын. Бұл – мінәжаттың ләззатын сезінген жүректің ғана ұғатын ерекшелігі. Құранда Алла тағы да былай дейді: «Түнде (намазға) тұр, аз бөлігі болмаса. Немесе оның жартысын, не одан сәл аздауын».
Демек, күндізгі уақыт – тіршілік қамы үшін, ал түнгі уақыт – рухани азық үшін берілген. Түнде Раббымен сырласа білген құл – нағыз бақытқа жеткен жан. Жан ризқы – сәресі уақытында бөлінеді . Тән ризқы – таңнан кейін бөлінеді.
материал Нұрбол Рахматилланың «Стамбулдағы тәфәккур» кітабынан алынды,
ummet.kz