Намаз үшке бөленеді:
1) Парыз
2) Уәжіп
3) Нәпіл
Ханафи мәзһабынан басқа мәзһабтар «уәжіп үкімі» дегенді қабыл етпейді. Олар парыз және нәпіл деп намазды екіге бөледі:
Парыз намаздар
Парыз намаздар – «айн парыз» (жалқы парыз), «кифая парыз» (жалпы парыз) болып екіге бөлінеді. Айн парыз намаз – балиғатқа толған барлық мұсылмандарға парыз, әрқайсысы оларды жеке-жеке іске асыруға міндетті. Айн парызға бес уақыт намаз бен жұма намазы жатады.
Жұма намазы – сол күнгі бесін намаздың орнына жамағатпен оқылатын екі рәкат намаз. Жұмадан кешіккен сол күннің бесін намазын оқиды.
Кифая намазы – бір мұсылман ғұмырдан өткенде әуелі жақындары мен таныстары, жалпы мұсылмандардың оқитын жаназа намазы. Бұл намазды бірнеше мұсылман оқыса жетіп жатыр. Басқалары оқымағандықтары үшін жауапты болмайды. Намаздың сауабын оқыған ғана алады. Ал, ешкім оқымаса бәрі күнәһар болады.
Уәжіп намаздар
Уәжіп намаздар – мұсылманның іс-әрекетіне байланысы жоқ және тікелей байланысы бар уәжіп деп екіге бөлінеді.
Бірінші топтағы уәжіп намаздарына – құптан намазынан кейін оқылатын үш рәкат үтір намазы мен Рамазан және Құрбан айтта оқылатын айт намаздары жатады.
Екінші топқа нәзір (атау) намазы, қателік сәждесі және басталып, аяқталмай бұзылған намаздың қазасы жатады. Нәзір намазы – адамның өзіне міндет болмаған намазды атау арқылы уәжіп еткен намаз.
Нәпіл намаздар
Парыз бен уәжіп намаздардан өзге намаздар «нәпіл намаз» деп аталады. Парыз намаздардың алдында және соңында оқылатын сүннет намаздар нәпіл намазға жатады. Нәпіл намазды сүннет намаздарынан бөлек дәрежеге жатқызған ғалымдар да бар. Олар намаздарды төртке бөледі:
1) Парыз намаздар
2) Уәжіп намаздар
3) Сүннет намаздар
4) Нәпіл намаздар
Бірақ ең дұрысы, парыз бен уәжіп намаздардан тыс намаздарды – жалпы нәпіл намаз деп атап, бұларды жеке-жеке топқа бөлу. Бұл – жүйелі және ерікті сүннет деп екіге бөлінеді.
Жүйелі (рауатиб) сүннет белгілі бір жүйемен бес уақыт парыз намаздарымен бірге оқылған намаздар. Яғни, белгілі тәртіппен оқылған сүннет намаздар.
Бұл сүннеттер де «мүәккәд» (бекітілген) сүннет», «ғайру мүәккәд» (бекітілмеген) сүннет болып екіге бөлінеді. Мысалы, таң намазының екі рәкат сүннеті – мүәккәд сүннет, намаздыгер мен құтпанның алдындағы төрт рәкат сүннеттер – ғайру мүәккәд сүннет болып саналады.
Екінші «ерікті» сүннетке – Хазіреті Пайғамбардың белгілі бір уақыттарда немесе кейбір себептер арқылы оқыған, адамның қалауымен кез-келген уақытта Аллаға жақындау үшін оқыған намаздар жатады. Бұларға тәһажжүд намазы, сәске намазы, истихара намазы, жаңбыр дұғасы, хусуф намазы, кусуф намазы, тахиятул- мәсжид, тәубе намазы, әууабин намазы, тәсбих намазы, ихрамға кіру намазы, жолға шығу, жолдан оралу намазы, қажеттілік намазы, дәрет пен ғұсылдан кейін оқылатын нәпіл намаздар жатады.
Исламда сүннет намаздар, әсіресе, бес уақыт намаздардың сүннеттері – парыз намаздарға дайындық әрі оларға қорған намаз ретінде бағаланған. Әрі бұл сүннеттер – Хазіреті Пайғамбарға шынайылықты білдіретін намаздар. Сол себепті, бұл намаздардың оқылуы қатты насихат етіліп, тәрк етілуі жаман әрекет саналған. Бірақ бұл сүннет намаздардың – кейбір себептерге байланысты оқылмауына рұқсат беріліп, кеңшілікпен қаралған.
(Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды)
Ummet.kz