25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Тауап түрлері

Қажылық

Тауап түрлері

 

Тауап бес түрге бөлінеді:

  1. Қадум тауабы

 Бұл – сырттан келетін адамдардың Меккеге келген уақытта Қағбаға сәлем ретінде жасайтын алғашқы тауап. Бұл тауапты жасау – сүннет.

  1. Зиярат тауабы

Қажылардың Арафаттан қайтқаннан кейін жасайтын тауабын зиярат тауабы немесе «ифада» тауабы дейді. Бұл тауапты жасау – қажылықтың үш парызының бірі. Зиярат тауабындағы жеті айналымның төртеуі – парыз, үшеуі – уәжіп. Зиярат тауабын жасамаған адам қажылық жасаған болып саналмайды.

Зиярат тауабының дұрыс орындалуының бірінші шарты: Арафатта уақфаның жасалған болуы. Екінші шарты: Бұл тауаптың белгілі уақытта жасалуы. Бұл уақыт – Құрбан айттың бірінші күні таңның атуынан бастап, өмірінің соңына дейінгі уақыт. Бірақ Әбу Ханифаның пікіріне сүйенсек, бұл тауаптың Құрбан айттың 1,2,3-күндерінің біреуінде жасалуы – уәжіп. Осы күндерден кешіктірілсе, жаза ретінде құрбан шалу керек. Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммед бойынша, бұл тауапты құрбанның 1-2-3 күндері жасау уәжіп емес, сүннет. Сондықтан бұл тауап айт күндерінен кейін жасалған жағдайда ешқандай жаза керек емес. Бірақ зиярат тауабын Құрбан айттың алғашқы күні жасау абзал, әрі сауабы мол.

  1. Уадағ (қоштасу) тауабы

 Қажылықта Минада шайтанға тас лақтырғаннан кейін, Меккеге қайтқан кезде жасалатын тауап. «Садәр тауабы» деп те аталады. Қажылыққа сырттан келгендер үшін бұл тауапты жасау – уәжіп. Бұл тауапты жасау арқылы қажы амалдары тәмамдалады. Тауаптан кейін қажылар Қағбамен қоштасып, отандарына қайтады.

  1. Нәпіл тауабы

Мекке мұсылмандарының әрдайым жасап тұратын тауабы. Сырттан келгендерге де жасауға болады. Нәпіл тауап жасау, нәпіл намаз оқудан да абзал. Өйткені намазды әр жерде оқуға болады. Ал, тауап Қағбада ғана жасалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тауаптың кереметтігін былай деп сүйіншілейді: «Кімде-кім Байтуллаһқа тауап жасаса, анасынан жаңа туылғандай күнәларынан арылып, тазарады» (Тирмизи).

  1. Умра тауабы

 Умраға барғанда жасалатын тауап. Бұл тауаптың алғашқы төрт айналымы – умраның парыздарынан, міндетті түрде жасалуы керек. Жасалмаса, умрасы дұрыс емес. Қалған үш айналым орындалмаса, арнайы жаза өтеледі (қажылықта істелетін кемшіліктер және олардың жазасы бөліміне қараңыз).

Ummet.kz

Бөлісу: